Ғ.Әбдірахымов: «Шымкент донорлы аймаққа айналуы қажет»

0
1 139

Шымкент қаласының әкімі уәкілетті органдарға тапсырмалар жүктеді.


Ғ.Әбдірахымов: «Шымкент донорлы аймаққа айналуы қажет»

Шымкентте көлеңкелі экономикамен күрес күшейтілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкентте алдағы бір ай мерзім ішінде кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып отырған нысандарға бақылау күшейтіліп, көлеңкелі экономикамен күрес белсенді жүргізілмек. Бұл туралы Шымкент қаласы бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша кеңейтілген жиында баяндалды. Мәжілісті ашқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін алдағы үш жылда дотациялық аймақтан донорлы аймаққа айналуы қажет» деп атап өтті.

Жиында Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Көшеров 2018 жылдың қорытындысымен және салық салу базасын ұлғайту мәселелері бойынша баяндама жасады. Департамент басшысының мәліметінше, өткен жылға салықтық төлемдер бойынша бекітілген жоспар 73 млрд. теңге болса, нақты 78 млрд. теңге түсіп, жоспар 107% орындалған, 2017 жылмен салыстырғанда түсімдер 9,7 млрд. теңге артығымен түсіп, өсу қарқыны 114 пайызды көрсеткен.

Сондай-ақ, көлеңкелі экономикамен күресіп, салық түсімін арттыру, барлық кәсіпкерлердің жалдамалы жұмысшыларын тіркетіп, олардың табыстарын шынайылыққа келтіру мәселесі сөз болды. Жалдамалы жұмысшылар үшін төленетін әлеуметтік, жеке табыс салықтарын ұлғайту, кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып отырған нысандардың бағалау құндарына қайта бағалау жұмыстарын ұйымдастырып, мүлік салығының түсімін арттыру қажеттігіне баса назар аударылды.

Бүгінде Шымкентте 68 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар және осы кәсіпкерлік субъектілерінен 2018 жылға мемлекеттік бюджетке 22,6 млрд. теңге түскен немесе жалпы түсімнің көрсеткіші – 15,8%. Сондай-ақ, мүлік салығынан жалтару үшін кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын ғимараттардың құны айтарлықтай аз көрсетілген. Осы орайда Н.Көшеров кәсіпкерлерді бір ай мерзім ішінде нақты табыстарын көрсетіп, қосымша салық есептіліктерін тапсыруға шақырды.

Ал қала әкімі Ғ. Әбдірахымов салықтар мен мемлекеттік бюджетке төленетін міндетті төлемдердің уақытылы түсімі мемлекеттің экономикалық дамуын, халықтың әлеуметтік жағдайын және қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін ерекше атап өтті. Басқосу соңында қала әкімі мәжілісте айтылған мәселелер бірлескен жағдайда шешімін табатынын еске салып, уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі