Елде мектептер мен жоғары оқу орындарында 10 наурызға дейін демалыс жарияланды.
ERNUR.KZ. Олардың біреуі – Германия азаматы, екеуі Ирандағы індет өршіп тұрған Гум қаласында оқитын әзербайжан студенттері, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жалпы елде бұл дертті жұқтырғандардың саны алты адамға жетті.
Министрлер кабинеті жанындағы жедел штаб өкілдерінің мәлімдеуінше, науқастардың өміріне төнген қауіп жоқ. Тиісті ем шаралары жүргізілді. Ел бойынша 500-дей адам карантинге алынды. Олардың көбі – Ираннан қайтып келген Әзербайжан азаматтары. Арасында коронавирусты жұқтырған адам анықталған жоқ.
– Ел тұрғындарына адам көп жиналатын жерлерден аулақ жүріп, гигиена ережелерін сақтауға кеңес береміз. Кейбір бұқаралық шараларды ұйымдастырушылардың өздері кейінге қалдырды. Бұл дұрыс шешім, - деді жедел штаб мүшесі Ягут Гараева.
Көрші ел – Иранда індет тарала бастағаннан кейін, Әзербайжан үкіметі шекараны жауып тастады. Мектептер мен жоғары оқу орындарында 10 наурызға дейін демалыс жарияланды. Осы мерзімге дейін бұл ғимараттар дезинфекциядан өтуі тиіс. Қоғамдық көлікте де сақтану шаралары қолға алынды.
– 2 наурыздан бастап қоғамдық көлік құралдарының түгелі дезинфекциядан өтіп жатыр. Бұл шара күн сайын өткізіледі. Сондай-ақ аялдамаларды да залалсыздандырамыз, Кейбір ірі аялдамаларда жолаушылар мен қызметкерлерге арналған дезинфекциялық құралдар қойылған, - деді Баку көлік агенттігі баспасөз қызметінің басшысы Маис Агаев.
Жедел штаб өкілдерінің мәлімдеуінше, үкімет Иранмен шекаралас аудандарға ерекше көңіл бөліп жатыр. Бірнеше медициналық мекеме карантин тәртібін сақтауға бөлінді. Алдағы уақытта коронавируспен күресуге арналған орталықтар ашу көзделіп отыр.