COVID-19: Францияда қайғылы рекорд орнады

0
713

Осы уақытқа дейін жаһанда 1 миллион 345 мың азамат вирус жұқтырған.


COVID-19: Францияда қайғылы рекорд орнады

ERNUR.KZ. Әлем елдері әлі де коронавирус құрсауынан шыға алмай келеді, деп жазады 24.kz.

Күн өткен сайын мыңдаған адам вирустың шырмауына түсіп, бақилық болуда. Джонс Хопкинс университеті ұсынған мәліметке сай, осы уақытқа дейін жаһанда 1 миллион 345 мың азамат вирус жұқтырған. 75 мыңнан астамы қайтыс болған. Бұған қоса, індеттің ушығуына байланысты бүкіл әлемде медициналық құрал-жабдық тапшылығы да байқала бастаған. Әсіресе, бетперде секілді қорғану құралдары. Мұндай ахуалға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қатты алаңдаулы.

"Әлем елдері COVID-19 вирусынан қорғанудың қарапайым амалы ретінде бетперде қолдануды қолға алған. Алайда соның салдарынан ауруханалар мен медицина орталықтарында маска тапшылығы туындап отыр. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыған алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені аталған мекемелерде қызмет ететін мамандар бетпердеге аса мұқтаж" - дейді ДДСҰ басшысы Тедрос Гебреисус.

АҚШ-та да індет ілмегіне ілінгендер аз емес. Қазір бұл елде вирустан қаза тапқандардың саны 10 мыңнан асады. Тек Нью-Йорктің өзінде соңғы 24 сағатта 500-ден астам адам көз жұмып, вирус құрбандарының жалпы саны 5 мыңға таяп қалған.

Жалпы коронавирустан болған өлім көрсеткіші бойынша Америка әлем бойынша Италия мен Испаниядан кейін үшінші тұр. Ал ел аумағында тіркелген науқастар жағынан бірінші орында. Елде 367 мың азамат инфекцияға шалдыққан. Десе де, билік өкілдері Құрама Штаттардың Перл-Харбор және 11 қыркүйек оқиғаларымен тең келетін жағдайға дайын болу керегін айтады. Яғни алдағы уақытта вирус құрбандарының саны еселеп артуы мүмкін.

Айта кетейік, қазіргі уақытта жергілікті биліктің пәрменін америкалықтардың 90 проценті өзін-өзі оқшаулаған.

"Алдағы апта біз үшін өте қиын болмақ. Яғни 11 қыркүйек апатымен тең келетін жағдай болады. Егер осы бір күрделі кезеңді еңсеріп шыққымыз келсе, әрбір азамат оған үлес қосуы қажет" - дейді АҚШ-тың денсаулық сақтау қызметінің басшысы Джером Адамс.

Францияда бір тәулікте коронавирустан 883 адам қайтыс болып, қайғылы рекорд орнады. Елдің денсаулық сақтау министрі Оливье Веранның айтуынша, өлім деректерінің өсімі қарттар үйінде көз жұмғандармен байланысты. Осылайша, Францияда індеттен қаза тапқандар 9 мыңға таяп қалды. Ал елдегі науқастар саны 100 мыңға жуық. Айта кетейік, бұған дейін Францияда коронавирустың таралуы бәсеңдеген еді.