Қырғызстан мектептерінде оқу жылы 15 қыркүйектен басталады

0
466

Оқу жылының басталуын 15 күнге кейінге шегеру эпидемиологиялық жағдайға сай қабылданды.


Қырғызстан мектептерінде оқу жылы 15 қыркүйектен басталады

ERNUR.KZ. Қырғызстанның білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылы 15 қыркүйектен басталады. Мұндай шешімге Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Улукбек Марипов қол қойды, деп жазады ҚазАқпарат.

Қырғызстан министрлер кабинетінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқу жылының басталуын 15 күнге ауыстыру туралы шешім елдегі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, дәстүрлі оқыту нысанына кезең-кезеңімен көшу мақсатында қабылданды.

Өз кезегінде, Қырғызстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі оқу процесін дәстүрлі форматта қайта бастау кезінде қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері, осындай форматтың артықшылықтары мен қауіп-қатерлері және басқа да факторлар назарға алынуы тиіс екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында 152 мың 827 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2021 жылғы 12 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші дозасын 56 мың 114 қызметкер алған, бұл 36,7% құрайды. Өз кезегінде, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қызметкерлердің кемінде 70% вакциналау қажет, яғни еліміз бойынша білім беру саласының кемінде 52 мың қызметкері вакцина алуы тиіс», - делінген хабарламада.

Оқу жылын кейінге ауыстыру жазғы туристік маусымның ұзаруына да әсері бар. Яғни туризм саласын қалпына келтіріп, оны әрі қарай дамытуға ықпал етпек.

«Бұл қаулы білім беру жүйесіндегі қызметкерлердің жалақысына әсер етпейді. Бұдан бөлек, оқуды 11 қыркүйектен кейін бастайтын бірқатар шет елдердің тәжірибесі де назарға алынды», - деп түсіндірді министрлер кабинетінен.