​АТАСТЫРУ дәстүріне КӨЗҚАРАСЫҢЫЗ қандай?

0
10 642

Көргенді жерден қыз алсаң, керегең кеңейеді, текті ұрпақтан қыз алсаң тұқымың асылданады.


​АТАСТЫРУ дәстүріне КӨЗҚАРАСЫҢЫЗ қандай?

сурет:uchquduq-gazeta.uz

Атастыру – қазақ даласында ерте заманда қалыптасқан салт. Орайы келгенде бесіктегі балаларды атастырған. «Тектен нәр алған тозбайды» деген қағиданы ұстанған ата-бабаларымыз келін таңдауға өте мұқият болған. Босағасынан аттайтын келінге ұрпағының жалғасы, болашағы, одан туатын баланың тәрбиесі мен өнегесін бірінші кезекке қойған. Келін таңдауда оның сұлулығы мен сымбаты маңызды болмаған. Бастысы, тегіне, көргенділігіне аса мән берген. Көргенді жерден қыз алсаң, керегең кеңейеді, текті ұрпақтан қыз алсаң тұқымың асылданады дегенді негізге алған. Санамызға жатталып қалған «Жігіттің жақсы болмағы - нағашыдан», «Тегінде бар тектілік», «Тегіне тартқан», «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» деген қанатты сөздер осының дәлелі болса керек.

сурет:massaget.kz

Атастырудың салмағы мен маңыздылығын ұлының болашағына бейқам қарамаған Төле бидің де таңдауынан аңғаруға болады. ...Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын. Ердің бақытын кетіретін де әйел, ерге бақыт әперетін де әйел дегенді алға тартқан төреліктің иесі Төле би де келінін өзі таңдаған деген дерек бар.


Күндердің күнінде Төле биді Түркімен еліне билік айтуға шақырады. Аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді.


─ Әй, қыздар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғарыдан бір қатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік, арасында ер бастаған батыр бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар, батасын алып, алғысына бөленейік. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз, – дейді Данагүл.


Төле би мұны алыстан көріп, қыздарды шақыртады. Данагүлдің бұйрығымен қыздар аттан түсіп, жаяу келіп сәлем береді. Данагүлді сөзге тартып, даналығын байқаған Төле би құда түсіп, өзіне келін еткен екен.


Міне, «ер кісінің алдынан кесіп өтпеу керек деп» қыздарды бір ауызбен тоқтатқан Данагүлді дара көріп, оның бойындағы көргенділік пен тектілікке сүйсінген Төле би өз ұрпағының бойына осы қасиетті дарыту үшін Данагүлді келін еткен.


Бай-болыстыр ел аралап, бір-біріне қонақ болып жүрген кезде де текті отбасының қызына көз салып, ұлдарымен атастырады. Ата-аналары өсіп келе жатқан ұлдары мен қыздарының аталасып қойғанын, өзгеге көз салып, сезім отының тұтанбауын қадағалап отырады. Егер екі жас бір-біріне көңіл қоймай, жүректерінің қалауы басқада болса, онда атастыру заңын бұзған жақ айыпталады. Атастыру салтына салғырт қарағандар екінші жаққа мал түрінде айыппұл төлейді.


Бүгінде бұл дәстүрді ұстанатындар сирек те болса кездеседі. Көбінесе бірін-бірі жақсы білетін, етене таныс, араларында тығыз қарым-қатынас орнаған немесе дос-жарандардың арасында жүзеге асырылып жүр. Жақын достар қарым-қатынастарын шегелегісі келіп, ұлдары мен қыздарының бас қосуын армандайды. Сөйтіп екі жақ өзара келісіп, перзенттерін атастырады.


Меніңше, атастыру дәстүрі бүгінгі заманның жастарына сай келмейтін сыңайлы. Өйткені қазақтар «Он үште отау иесі» деп ұлдарын оң-солын танып үлгермей жатып үйлендірген. Оның қыз-қырқынға қырындауға шамасы келмеген. Ата-анасының айтуымен, отбасын құраған. Есейіп, орта жасқа келген шағында жүрегінің қалағанын екінші әйел ретінде алуға рұқсат етілген. Ал қазір ата-анасының айтқанын алған ұл мен ата-анасының шешіміне қарсылық таныта алмаған қыз бірін-бірі сүймей отбасын құрып алып, болмашы дүниеге бола жанжалдасып, ажырасып жатқанын көзіміз көріп жүр. Қалай десек те, жастардың жүрек қалауларымен шаңырақ көтергендері дұрыс болады.


Ләззат АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.

Тағы оқыңыз: 7 жасқа жетпеген қыздарға сырға тағуға болмайды

ҚЫЗ немесе ҰЛ сүйгіңіз келсе, ырымын жасап көріңіз