ҚЫЗ немесе ҰЛ сүйгіңіз келсе, ырымын жасап көріңіз

0
50 391

Көпке дейін бала көтере алмай жүрген әйел немесе қатарынан бір жынысты бала сүйгендер осы әдісті кішкентай бүлдіршінге жасаса, көп ұзамай арманы орындалады екен.


ҚЫЗ немесе ҰЛ сүйгіңіз келсе, ырымын жасап көріңіз

сурет: finance.bigmir.net

Осыдан екі жыл бұрын қатарынан 4 ұл тапқан құрбым төрт құбыласының түгел екенін айтқан еді. «Бірақ жүрегімді сыздататын, ойымды сан саққа жүгіртіп, жаныма бататыны – қызымның жоқтығы. Алла маған қызғалдақты қимады» деп кейіген-тін.


Оған бұлай таусылуға болмайтынын айтып, түрлі мысалдармен көңілін жұбатқансыған едім. Екеуміздің әңгімемізді естіген әжем құрбыма «қыз көтерудің» адам сенгісіз әдісін айтқан болатын.


Мұны естіген құрбымның қуанышында шек болмады. Жолдасы екеуі аудандағы Жетімдер үйіне мереке ұйымдастырып, осы әдісті жүзеге асырды. Қайырымдылық шараларын жасырын түрде жиі-жиі жасап жүрді. Естіген құлаққа күлкілі болар. Бірақ құрбым құрсақ көтергенін, бүгінде 18 апталық болғанын айтып сүйінші сұрады. Ең бастысы құрсағындағы бөбегінің қыз екенін айтып қуантты.


Арманы шынға айналған құрбымның қуанышына ортақтасып, жүрекжарды тілегімді ақтардым. Тәжірибе жүзінде іске асқан бұл әдісті көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім. Өйткені кез келген анаға қажет-ақ кеңес екен.


Әжемнің айтуына қарағанда ел ішінде мынадай ырым бар көрінеді.

сурет: briana-kalajian.squarespace.com

Көпке дейін бала көтере алмай жүрген әйел немесе қатарынан бір жынысты бала сүйгендер кішкентай бүлдіршінге ұлдың немесе қыздың көйлегін теріс кигізіп жүргізсе, арманы орындалады екен. Бала болғанда да, ата-анасынан айырылған балаға мейірленіп жасауы қажет көрінеді.


Мәселен, ұл күтіп жүргендер ата-ананың мейіріміне зәру ұлға киім алып, теріс кигізіп кетуі керек. Қыз бала күткендер керісінше, әдемі көйлекпен ата-анасынсыз қалған қыз баланы қуантып, оған ырымын жасап киімді теріс кигізеді.


Менің ойымша, бұл көптен бала күткен жандарды сауапты іс жасауға, балаға деген мейірімін аша түсуге септігін тигізу үшін пайда болған секілді. Олай дейтінім, аңыздардың бірінен осы турасында оқып қалғаным бар еді.

Діни аңыздарда бұл ғұрыпты Сүлеймен пайғамбардың кезінен қалған деседі. Ұлық Алла сол замандарда өмір сүрген Былқыс есімді кісіге көпке дейін бала нәсіп етпепті. Сол кезде Былқыс Сүлейменнің ақылымен бес жүз жетім баланың көйлектерін теріс кигізіп жүргізген екен. Артынша бала бақытының нышаны байқалған көрінеді.


Міне, осы ырымды әжем бала күнінде әжелерінен естіп өзі де байқап көрген екен. Сенбейін десем, әжемнің 3 ұлынан соң, 2 қызы бар.

Бала күнімде әжем қыздарына «сендерді дүниеге әкелу үшін қанша еңбектенгенімді білсеңдер еді. Қанша баланың соңынан жүгірдім. Қай ауылға барсам да көйлектерімді көтеріп барып, қыздарын мазалайтынмын» деп айтып отыратыны есімде қалыпты. Сол кезде қазіргідей ақылым болса ше, қолыма қалам алып, қате-қате болса да қағазға түсіретін едім. Әжемнің әрбір сөзі бүгінде талай мақалама арқау болатын еді.

«Қуанышты бөліссең көбейеді» демей ме? Бала сүюді армандап жүрген, қыз көтеруді аңсап жүрген, ұлым болса деп Алладан тілеп жүрген АНАларға осы әдісті қолданып көруді ұсынамын. Соқыр сенім деп сөкпеңіздер. Бәрі де жалғыз ғана Жаратушының қалауымен болатыны анық. Бірақ әрекет еткенге, берекет беретін де Алла екенін ұмытпаңыздар. Жаратушының жарылқауымен жуық арада сіздердің де сүйінші сұрайтын сәттеріңізге куә болайық, ардақты АНАЛАР.

Ләззат АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.

7 жасқа жетпеген қыздарға сырға тағуға болмайды