Ақмола облысында газ баллоны жарылып, 3 адам қаза тапты

0
670

Тағы он адам түрлі дене жарақаттармен аудандық орталық ауруханаға жеткізілген.


Ақмола облысында газ баллоны жарылып, 3 адам қаза тапты

ERNUR.KZ. 16 қарашада Ақмола облысы Шортанды кенті Линейная көшесінде газ баллоны жарылды. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, деп жазады Tengrinews.kz.

"Сағат 21:38-де Шортанды кентінің №18 байланыс пунктіне полиция бөлімінің кезекшісінен газ баллонның жарылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндіруге ТЖД 35 қызметкері мен 7 техникасы, "Жер Ана" ЖШС МЕӨҚҚ-ның 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды", - делінген хабарламада.

Барақ үлгісіндегі пәтерде өрт шығып, шатырын толық жалын шарпыған. Өрттің аумағы шамамен 350 шаршы метрге жеткен. Өрт сағат 22-35-те ауыздықталып, сағат 23:55-те толық сөндірілген.

Оқиға орнынан 3 адамның мәйіті табылған. Тағы он адам түрлі дене жарақаттармен аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін Ақмола облыстық тергеу-жедел тобы және зерттеу-өрт зертханасы жұмыс істеп жатыр.

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға тұрмыстық газ баллонын қолдануда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.