Ақтауда оқушылар мұғалімдер бөлмесі мен қоймада сабақ оқуға мәжбүр

0
440

​Мектеп 1700-ге жуық балаға есептелген, алайда мұнда қазір үш ауысыммен 3300-дей оқушы оқып жүр


Ақтауда оқушылар мұғалімдер бөлмесі мен қоймада сабақ оқуға мәжбүр

ERNUR.KZ. Ақтау қаласында Мұхтар Әуезов атындағы №20 мектептің мұғалімдері дәлізде дәптер тексереді. Ұстаздар өз кабинеттерін оқушыларға босатып берген, деп жазады sputnik.kz.

Оқу кабинеті жетіспеушілігінен ұстаздар дәлізде отырып, балалардың сабақ үлгерімін қарайды. Қызметтік құжаттарды толтырады. Бұл аздай 1700-ге жуық бала сиятын мектепте 3300-дей оқушы 3 ауысыммен білім алады.
1-қабаттағы әжетхананың алды былтырдан бері мұғалімдер үшін қағаз толтыратын бұрышқа айналған. Балалар сабақ оқитын орын жетіспеген соң, ұстаздар кабинетін босатып беріпті. Енді осы жерде 2 үстелге кезекпен отырып, күнделікті қызметін атқарып келеді.
"Бізде қазір мұғалімдер бөлмесі жоқ. Шығармашылық жұмыстарымыз бар, дәптер тексеру деген сияқты үрдістерді дәліз бойында, босаған кабинеттерді қарап жүріп жасаймыз. Әрине, мұның барлығы қиыншылық келтіріп жатыр. Соған қарамастан жұмысымызды жалғастырып жатырмыз", - дейді сынып жетекшісі Раушан Әбілова.
Бұдан бөлек, кезінде қосалқы шаруашылық үшін қолданылған орындар қазір оқу кабинеттеріне айналған. Мәселен, қазір 9-сыныптың 12 оқушысы мектептің қоймасында "Көркем еңбек" пәнін меңгеріп жатыр. Сыныпта тақта жоқ. Жылу жүйесі тым әлсіз. Бірақ соған қарамастан жоғары сынып оқушылары осында отырады.
"Шағын аудандармен бірге, елді мекендерден де келеді. Бізге жақын орналасқан Мұнайлы ауданынан да келіп, балалар оқып жатыр. Сосын Түпқараған ауданының Тельман және Ақшұқыр елді мекендерінен де келіп оқиды. Сонда 900-ге тарта бала сырттан келіп білім алып жатыр", - дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Орынбасар Наурызбаев.
Білім ордасы 28-шағын ауданда орналасқан. Оған іргелес жаңадан салынған ықшам аудандарда мектеп жоқ. Сондықтан да тұрғындар балаларын осында әкеледі.
Жалпы облыста 18 мектепте 5 мыңнан астам оқушы үш ауысыммен оқиды. Тек Ақтаудың өзінде 8 мың балаға орын тапшы. Жауапты мамандар өңірде 2025 жылға дейін 20 мектеп салынса, мәселе біршама шешіледі дейді.
Бұдан бөлек, Маңғыстауда екі мектеп апатты жағдайда тұр. Бірі Жаңаөзенде, ал екіншісі Бейнеу ауданы Сам ауылында орналасқан. Олардың қашан жөнделері әзірге белгісіз.