Күдікті құйтырқы әрекетін тұрғынүй инспекциясының алдында жүріп жасаған екен.
ERNUR.KZ. Алматыда әкімдік алдында жүріп, елді алдаған әйел ұсталды. Мемлекеттен арзан пәтер алып беремін деп сендірген күдікті тұрғындардың 50 миллион теңгеден астам ақшасын сыпырып алған, деп хабарлайды ktk.kz.
Ал құйтырқы әрекетін ол тұрғынүй инспекциясының алдында жүріп жасаған екен. Баспана базынасымен келген кісілерді сөзге тартып, өзін делдал ретінде таныстырған. Әкімдікте сөз байласқан танысы барына сендірген келіншек жұртқа пәтерлердің құжаттарын да көрсеткен. Арзан үйден айырылып қалмауды ойлаған азаматтар алаяқтың сұраған ақшасын сол күні әкімдіктің ауласына әкеліп беретін болған. Осылайша, елден 50 миллион теңгеден астам қаражат жинап алған келіншек бұрын істі болған нағыз әккінің өзі болып шықты. 33 жастағы әйел төрт жыл бұрын да тура осы әдіспен ел-жұртты тақырға отырғызып, жақында ғана түрмеден босап шығыпты.
- Біреуі 6 миллион, біреуі 24 миллион, біреуі 15 миллион дегендей қомақты сомадағы ақшаларды оған берген. Егер де осы Жұмағұлованың қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар болса, Бостандық ауданының полициясына хабарласуын сұраймыз, - дейді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.