Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, қаза тапқан Айкөркем Мелдеханға арнап салынған муралды бірнеше сағаттан кейін үстінен бояп, өшіріп тастаған.
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желі қолданушылары суретті өшіргендерге наразылық білдіріп жатыр. Өз кезегінде жауапты мекеме басшылығы муралды не себепті өшіріп тастағанын түсіндірді, деп жазады Stan.kz.
Жароков пен Мыңбаев көшелерінің қиылысында орналасқан мурал салынған нысан Алматы қаласы әкімдігінің "Алматы Қала Жарық" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тиесілі.
Аталған кәсіпорынның тарту желілері басқармасының басшысы Дмитрий Хлыбов муралдың қауіптілігі жоғары аймаққа салынғанын айтып, тиісті орындарға ескерту жасалмағандықтан өшіруге мәжбүр болғанын айтты.
"Біз әлбетте қаладағы шығармашылық жұмыстарына қарсы емеспіз, бірақ сурет салынған орынның электр кернеуіндегі жоғары қауіпті объект екенін және осы объектілердің аумағындағы кез келген әрекеттер бізбен келісіліп, тиісті рұқсат алу қажет екенін ескертеміз. Сурет салмақ түгілі, онда жақындауға болмайды. Нысанның ішінде кернеу өте жоғары. Екіншіден, нысан – компанияның меншігі. Біздің рұқсатымызды алмай, қандай да бір жазу жазуға, сурет салуға болмайды. Сондықтан өзіміздің есебімізден бояп отырмыз", - дейді Хлыбов.
Кәсіпорын басшысы компанияның арнайы рұқсатын алмайынша ол жерді әктеуге, бояуға, кез келген кескіндерді салуға тыйым салынатынын айта келе, бұл үшін заң алдында жауапкершілік қарастырылғанын қосты.
"Сол себепті біз трансформаторлық қосалқы станциялардан рұқсат етілмеген сызбаларды алып тастауға мәжбүрміз. Онымен қоса сурет салу кезінде нысанға қуат келіп тұрғанын және жақындауға болмайтынын ескертіп тұрған белгілер боялып кетеді. Осы орайда барлық Алматы қаласының тұрғындарына мына нәрсені ескерткім келеді, кез келген суретті біздің компаниямен немесе Алматы қаласының әкімдігімен келісілген орындарда ғана салу қажет", - деп түйіндеді Дмитрий Хлыбов.
Еске сала кетсек, 4 жасар Айкөркем Мелдехан 7 қаңтарда әкесімен бірге дүкенге бара жатқан жолда оққа ұшты. Ол қайтыс болғаннан кейін әкесі Айдос Мелдехан қызына арнап "Қай аға маған оқ атқан?" деген өлең жазған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, қаза тапқан Айкөркем Мелдеханның муралы пайда болғаны туралы хабарлаған едік.