Алматылық әйелдер жарнамаға алданып, қарызға белшеден батқан

0
631

Ажарын әрлегісі келгендердің атына 200 мыңнан бастап, миллионға дейін несие рәсімделген.


Алматылық әйелдер жарнамаға алданып, қарызға белшеден батқан

ERNUR.KZ. Сұлулық жолында сан соғып қалғандар. Алматыда бір топ қыз-келіншек бетіне күтім жасатамын деп, қарызға белшесінен батқан – косметология орталығының жалған жарнамасына алданып қалыпты, деп жазады ktk.kz.

Сымбатын сақтаймын деп сан соққандардың құр есікті қағып жүргеніне екі айдың жүзі болыпты. Нысанды жалға алған косметологтар көптен бері қарасын көрсетпей кеткен. Тіпті жер жарған сырттағы жарнамасын да алып тастапты дейді жиналғандар.

Бастапқыда қыз-келіншектерді косметология орталығындағылар бет күтімінің алғашқысы ақысыз екенін айтып шақырған. Сөйтіп асты-үстіне түскен клиника қызметкерлері қалған қызметті банк арқылы төлеуге көндіріпті. Осылайша ажарын әрлегісі келгендердің атына 200 мыңнан бастап, миллионға дейін несие рәсімделген.

Бақтыгүл Кенсебаева, Алматы қаласының тұрғыны:

"Шайын, кофесін беріп: «Сізге көмектесуіміз керек, әйтпесе, мүлдем шашсыз қаласыз» деді. Алдап-сулап, адамдарды арнайы дайындайды ғой деймін. «Біз сондай компаниямыз, бар жақсылықты сізге жасаймыз» деп, әйтіп-бүйтіп, алдап-сулап, несие алуға көмектесеміз деді. Жасым 65-тен асқан. Олар маған несие беруге болмайды екен. Соның өзінде де жазғызды.

Әйелдерді әсем етуге уәде еткендердің қызметінен еш нәтиже болмапты. Бірнеше процедурадан өткен келіншектер күтімнің мүлдем көңілден шықпағанын айтады. Артынша, ұнамаған қызметтен бас тартқанымен, рәсімделген несиеден құтыла алмай жүр.

Айсұлу Мұқатаева, Алматы қаласының тұрғыны:

"Карантин біте сала келіп: «келісімшартты бұзамын, сіздерге айтқан бойынша, ары қарай жалғастырмаймын, қанша төлеуім керек, төлейін сізге» дегенімде, «96 мың төлейсіз, сонымен сізбен есептесеміз деп, түбіртегін берді. Сөйтіп жүрсем, маған «Альфа банк» хабарласты.

Қыз-келіншектер: «Қазіргі қиын-қыстау уақытта қалтамыздағы соңғы тиынымыздан қағылып жатырмыз» - деп ашынуда.

Орталыққа алданғандардың саны күн санап көбеюде. Түскен арыз-шағымдар бойынша енді полиция департаменті істі қолға алды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:

"Аталмыш дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасында тексеру жұмыстары қолға алынды. Бірнеше күн бұрын бір топ азаматтар полицияға ресми шағым түсірді. Осы тексеру жұмыстарының нәтижесінде кінәлі азаматтар айқындалып, оларға ҚР Заңнамасына сәйкес, міндетті түрде шара қолданылады".

Заңгерлер де мәселені заң жүзінде шешуге болады деп отыр.

Серік Айтбаев, заңгер:

"Әділетсіз қызмет көрсету тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңына сәйкес қорғалады. Егер тұтынушының құқығын қорғау жөніндегі комитет бұл медициналық ұйымның заңсыз әрекетін анықтаса, онда зардап шегушілер сотқа жүгініп, ақшасын қайтарып ала алады".

Осылайша қыз-келіншектер жұмыла жиылып, жүгін жеңілдете алады. Құлпыруға барып, қарыз арқалап қайтқанның барлығы бірігіп, сотқа арыз жазса, мәселесі шешіліп, несиелері кешірілуі әбден мүмкін.