"Бәріміз кінәліміз": Министр Балаева қазаққа жат дүниелер жайлы ащы шындықты айтты

0
2 479

​Бізге жат дүниелердің пайда болғанына қоғам мүшелері – бәріміз кінәліміз, деп атап өтті Аида Балаева.


ERNUR.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Рухани даму және ұлттық дәстүрлерді сақтау" дөңгелек үстелі кезінде бала тәрбиесі мен қоғамда болып жатқан жағдайларға қатысты ойын айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.


"Отбасы және ұлттық құндылықтардың негізінде тәрбиеленген баланың үлгерімі де, интеллектуалды күші де көп болады. Осыны қоғамға, ата-аналарға жеткізуіміз қажет. Қазір біздің қоғамда мейірім жетпейді. Бір-бірімізге жанашырлық жасауды қойдық. Ізет көрсетуді қойдық. Осының бәрі ұлтқа зиянын тигізетін дүниелер. Бұл олқылықтарды болдыртпау сіз бен біздің қолымызда", - деді Балаева.


Министрдің сөзінше, әр адамның бәсеге қабілетті болуына үш фактор әсер етеді.

"Біріншісі – денінің саулығы, екінші – біліктілігі мен білімі, үшінші – мамандық таңдауда жаңылыспай, өз-өзін табу мәселесі. Жаһандану процесінде өзінің ұлттық құндылықтарын жоғалтпау үшін рухани жаңғыруды бойына сіңіріп өскен бала болуы керек. Бұл жерде отбасының рөлі үлкен", - деді министр.

Дөңгелек үстел кезінде Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазақ дәстүріне жат дүниелердің қазақ тілі арқылы еніп жатқанына назар аударды.


"Бүгінде өкінішке қарай қоғамда даму процестерімен бірге дәстүрімізге жат іс-қимылдар көбейіп кетті. Оны мойындауымыз керек. Қаншама жыл Кеңес құрамында болдық, қаншама қиындық көрдік – бәрінде бізді сақтап қалған рухымыз. Ашаршылық, репрессия болды, бірақ ұлттық рух жоғалмады. Қазір әлеуметтік желі жақсы дамып келе жатыр, урбанизация тәртібін орнатып жатыр", - деді депутат.


"Қазір қала қазақша сөйлейді, бірақ әрекеті еуропаша. Бұрын қала қазақша сөйлесе, қазақ құрымайды деп ойладық. Қазақша сөйлеп, қазақылықтан айырылып жатыр. Қазақы құндылықтар да бұрынғыдай емес. Қазақша сайрайды, іс-қимылы дәстүрімізге бөтен. Бұл – урбанизация. Феминизм, көгілдір... бәрі ертең қазақтілді болып жүре береді. Урбанизация өз жасарын жасады. Бұл мәселені қазақ тілі шешпейді. Біздің дәстүрімізге жат нәрселер қазақ тілінде кіре береді, сақтайтыны тек дәстүр", - деді Берік Әбдіғалиұлы.


Отырыстың қорытындысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осы тұста қоғамның екіге бөлінгенін айтты.


"Біз қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қоғам – үлкен. Біздің қоғам екіге бөлініп отыр: демократиялық қоғам, ұлттық тұрғыда өсіп-өркендеген қоғам. Абай адам баласын заман өсіреді. Кім де кім жаман болса, замандасының бәрі кінәлі деген. Бізге жат дүниелердің пайда болғанына қоғам мүшелері – бәріміз кінәліміз", - деп түйіндеді Балаева.


Сонымен қатар министр ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жандандыру қажет екенін айтты.