Қызметкер баланың еміне 600 мың, ал өтемақы ретінде 800 мың теңге берген және сот шығынын толық өтеген.
ERNUR.KZ. Ақтауда бүлдіршінді сорпаға күйдірген балабақша қызметкерлері қылмыстық жазадан құтылды. Өйткені тәрбиеші мен бала күтуші жазым болған бүлдіршіннің ата-анасынан кешірім сұраған, деп хабарлайды ktk.kz.
Оған қоса мектепке дейінгі мекеме кішкентай Каринаның еміне 600 мың, ал өтемақы ретінде 800 мың теңге берген және сот шығынын толық өтеген. Сондықтан қалалық сот құлағының мүкісі бар 72 жастағы тәрбиешіні жазадан босатты. Сотта бала күтуші Айжамал Бердиева мен тәрбиеші Антонина Волынкина болған жайтқа өкінетінін айтып, зардап шеккен алты жасар қыздың ата-анасынан кешірім сұрады. Тараптар ымыраға келмегенде, қос педагог екі жылға сотталатын еді. Себебі, олардың үстінен 141-бап бойынша іс қозғалып, баланың өмiрi мен денсаулығы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты міндетін орындамады деген айып тағылған болатын.
Естеріңізге салсақ, оқыс оқиға осыдан 11 ай бұрын болған еді. Ас бөлмеге жүгіріп кірген қыздың үстіне күтуші әйел абайсызда ыстық сорпа төгіп алады. Соның салдарынан Каринаның денесінің 30 пайызы күйіп қалып Нұр-Сұлтанда емделді. Алты жасар қыздың терісін қалпына келтіруге пластикалық ота жасалмақ. Анасы «жұмысына салғырт қарады» деп қалалық білім бөлімін де сотқа берді. Себебі, кадр бөлімі құлағы естімейтін зейнеткерлік жастағы тәрбиешіні жұмысқа қабылдаған. Алайда судья арызды ішінара қанағаттандырып, білім бөліміне тек ескерту жасады.
- Медиация тәртібімен сотталушының жәбірленушімен татуласуына және жәбірленушіге келтірілген зиян есесін толтыруына байланысты сотталушы қылмыстық жауаптықтан босату мен осы кодекстің 168 баптың 1 бөлігі негізінде тоқтатылсын. Волынкинаға және Бердиеваға қатысты бұлтартпау шарасы, ешқайда кетпеу туралы тиісті мінез-құлық туралы қолхат заңды күшіне енгеннен кейін бұзылсын, - дейді Ақтау қалалық сотының судьясы Гүлмаржан Әділсұлтани.