Мемлекет басшысы коронавирустың екінші толқынына дайындық туралы кеңесте бетперде мен ПТР-тест бағасын төмендету туралы айтқан болатын.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі ПТР-тестілеудің тарифін төмендетуге қатысты ұсыныстар әзірледі. Төмендетілген баға қазан айының соңына дейін бекітіледі. Бұл туралы ведомство басшысы Алексей Цой мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Шығын материалдары нарығында бағаның төмендеуіне байланысты министрлік ПТР-зерттеудің тарифін 22 процентке дейін төмендету туралы ұсыныстар әзірледі. Атап айиқанда, жеке қорғаныш құралдары мен тест-жүйелерінің бағасы төмендетілді. Қажетті келісулерден кейін тариф осы айдың соңына дейін бекітіледі", – деді министр онлайн баспасөз мәслихатында.
Цойдың айтуынша, қазір коронавирусқа тексеретін зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 48 мың тестке дейін жетеді.
Бұдан бөлек, өңірлерге жабдық жеткізіліп, мамандар оқытылып жатыр. Бұл зертханалардың қуаттылығын тәулігіне 63 мың тестке дейін ұлғйтуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың екінші толқынына дайындық туралы кеңесте бетперде мен ПТР-тест бағасын төмендетуді тапсырған еді.