Депутат Қазақстанда әйелдер үшін жұмыс күнін қысқартуды ұсынды

0
177

Депутат тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашып, жұмыс орындарында балалар бөлмесін жабдықтау керек дейді.


Депутат Қазақстанда әйелдер үшін жұмыс күнін қысқартуды ұсынды

Фото: Мәжіліс

ERNUR.KZ. Мәжіліс отырысында депутат Қарақат Әбден премьер-министрге сауал жолдап, елде әйелдер үшін қысқартылған жұмыс күнін енгізу мәселесін ұсынды, деп жазады stan.kz.

Депутаттық сауалда “Ауыл” фракциясының депутаты соңғы жылдары аудан әкімі қызметіне тағайындалған әйелдер саны 8%-ға артқанын айтты. Дегенмен билікте әйелдердің санын көбейту үшін жүйелі өзгерістер керек дейді.

“2023 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,7% болса, басшылық қызметтегілердің үлесі небәрі 20,3%. Тәуелсіздік алғалы саяси лауазымда отырған әйелдердің үлесі 15%-дан асқан емес. IPU Parline рейтингіне сүйенсек, Қазақстан саясаттағы әйелдердің үлесі бойынша 183 елдің ішінде 124-орында. Бұл көрсеткіш бойынша Өзбекстан алдыңғы орында. Бұл елде былтыр парламент сайлауы өтіп, парламенттің заң шығарушы палатасында әйелдердің үлесі 38% болған. Ал Қазақстанда аймақтардағы мәслихаттағы әйелдердің үлесі 21%. Бірақ аймақтарда көрсеткіш әртүрлі. Мысалы, Түркістан облысында 21% ғана. Ал квазимемлекеттік секторда негізгі лауазымдағы ерлер саны әлі де басым”, – деді Қарақат Әбден.

Мәжілісмен облыстық әкімдіктерде басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі тек 10% екенін айтып, барлық облысты ерлер басқаратынын алға тартты. Әйелдер орынбасар қызметіне тағайындалып, негізгі “жұмыс күшіне” айналған екен.

“Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, үкіметті әйелдердің көшбасшылығын дамытуға көмектесеті шаралар қабылдауға шақырамын. Алдымен, басшылық қызметке әйелдердің қатысуын арттыру мақсатында гендерлік теңдік мәселелері бойынша ұлттық бақылау және есеп жүйесін құру керек. Сөзсіз әйелдерді басшылық лауазымға тағайындау тек олардың біліктілігіне сүйене отырып жүзеге асуы керек. Екіншіден, мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың барлық деңгейінде әйелдер көшбасшылығы ұлттық бағдарламасын енгізу қажет. Үшіншіден, сквандинавия елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып әйелдер үшін қысқартылған жұмыс күнін енгізу мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл отбасы институтын дамытуға көмектесіп, жұмыс істейтін әйелдер бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөле алады”, – деп ұсынды ол.

Сондай-ақ депутат тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашып, жұмыс орындарында балалар бөлмесін жабдықтау керек дейді.

“Ақылы декреттік демалыс мерзімін 2 жылға дейін ұзарту керек. Сонымен қатар жұмыс орнында әйелді қорғау және кемсітумен күрес мақсатындағы құқықтық жұмыстарды күшейткен жөн”, – деп түйіндеді ол.