Экология министрі елде 80 мың киіктің атылмайтынын мәлімдеді

0
507

Министр қоғамда дау туғызған ақбөкендер санын реттеудің басқа жолын қарастырмақ.


Экология министрі елде 80 мың киіктің атылмайтынын мәлімдеді

ERNUR.KZ. Экология министр Серікқали Брекешев 80 мың киікті атпайтын болды. Министр қоғамда дау туғызған ақбөкендер санын реттеудің басқа жолын қарастырмақ. Оның айтуынша, президент сынынан кейін министрлікпен зоология институты бірлесіп киіктердің популяциясын реттеу бойынша ғылыми зерттеу жүргізбек. Соның нәтижесінен кейін ғана киіктердің "тағдырына" қатысты шешім қабылданады, деп жазады Stan.kz.

Бірақ министр ғылыми зерттеудің нақты қанша жылға созылатынын және қанша қаражат кететінін айтпады. Әйтсе де киіктерді ату күн тәртібінде емес деген Серікқали Брекешев зерттеуден кейін ақбөкендерді ақылы түрде атуға рұқсат берілуі мүмкін деп отыр. Ал егістік алқапты киік таптап, шаруаларды шығынға батырды деген мәселені шешумен ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады.

“Президент сынынан кейін барлық мүдделі мемлекеттік органдармен, қауымдастық және ғалымдармен тағы да жиналып, киіктер популяциясын реттеу және пайдалану мәселесін қайта талқыладық. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды, ғылыми зерттеулерді тереңірек жүргізу қажет деген қорытындыға келдік. Яғни киіктердің көші-қон жолдарын, тіршілік ету ортасын, жем-шөп базасын қарау керек”, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялаған еді.