Елімізде алғаш рет әйелдерге арналған бизнес-несиелер беріле бастады

0
577

"Halyk Bank" АҚ облыстық филиалының директоры Ержан Айтжанов пилоттық жобаға қатысу бойынша өтініштер 15 қазан мен 1 желтоқсан аралығында қабылданатынын хабарлады.


Елімізде алғаш рет әйелдерге арналған бизнес-несиелер беріле бастады

Пилоттық жоба Павлодар облысында жүзеге асады. Облыс әкімдігі мен "Halyk Bank" АҚ "Бизнестегі әйелдер" жаңа бағдарламасын қолға алды. Сол бойынша қыз-келіншектерге төмен пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі, деп жазады inbusiness.kz.

Павлодар облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, бұған дейін кәсіпкер әйелдермен өткен кездесулер барысында оларға арналған нақты бағдарламаның жоқтығы айтылды. Көпшіліктің сұранысын ескерген жергілікті билік "Business Ertis" өңірлік бағдарламасының бір бағыты ретінде бизнес-вумендерді қолдау бойынша жұмыстарды бастады.

"Аймақтағы 52 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жартысына жуығын нәзік жандылар басқарады. Алдағы уақытта оларды қолдау шараларының аясы кеңейіп, жеңілдетілген несиелер беріледі. Бұл - кәсібін енді бастаған әйелдер қауымына мол мүмкіндік", - дейді Ернұр Жәутікбаев.

"Halyk Bank" АҚ облыстық филиалының директоры Ержан Айтжанов пилоттық жобаға қатысу бойынша өтініштер 15 қазан мен 1 желтоқсан аралығында қабылданатынын хабарлады. Ереже бойынша, несиелер 7 жылға дейін 5 пайыздық мөлшерлемеден бастап беріледі. Максималды сома – 15 млн теңге. Бұл жобаға барлығы 2 млрд теңге қарастырылып отыр.

"Жас бойынша шектеулер жоқ. Салаларға келер болсақ, өсімдік шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер ғана жеңілдетілген несие ала алмайды. Жобада майлы дақылдар, бидай, бақша өнімдерін өсірумен айналысатын қыз-келіншектерге қаражат қарастырылмаған", - деді Ержан Айтжанов.

Айта кетейік, бұл - Павлодар облысы мен екінші деңгейлі банктің бірлескен алғашқы жобасы емес. Өткен жылы да елімізде тек осы өңірде жастарға арналған "Zhas-Halyk.Ertis" бағдарламасы іске асқан болатын. Жарты жыл аралығында облыстың шамамен 35 жас тұрғыны өз ісін бастауға несие алды. Оларды қолдауға банк 400 млн теңге берді. Қазіргі уақытта бұл бағдарлама бойынша өтініш қабылдау аяқталды.