Қайғылы жағдайлар көбінесе газды тұтынушылардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан және газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету жүргізбеуінен орын алады.
ERNUR.KZ. Сенаттың жалпы отырысында депутат Ерік Сұлтанов өзінің депутаттық сауалында газды пайдалану бойынша заңнамаға түзетулер енгізу қажеттігіне тоқталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Сенатордың айтуынша, қайғылы жағдайлар көбінесе газды тұтынушылардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан және газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету жүргізбеуінен орын алады. Ал, екінші жағынан, газды тұрмыстық баллондарда сататын компаниялар мен газ ұйымдары тұтынушылардан осы ережелердің сақталуын талап етпейді.
Осыған байланысты сенатор газбен жабдықтау ұйымдарына тұтынушылардан осындай қызметтерді кәсіби түрде көрсететін компаниялармен техникалық қызмет көрсету бойынша шарт жасасу туралы талап қою міндетін жүктеу қажет деп санайды. Егер шарт жоқ болса, онда компания клиентке газ баллондарын сатудан бас тартуға құқылы.
«Бұл норма газбен жабдықтаушы ұйым мен газ толтыру пункттері иелерінің толтырылатын тұрмыстық баллондардың техникалық жарамдылығын тексеру жөніндегі міндеттерін толық көлемде іске асыруға, газ баллон қондырғыларына авариялық және жоспарлы қызмет көрсетуді жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тұтынушылармен қатар, газ желісі мен газ толтыру ұйымдарының да газ жабдықтары мен газ баллондарына техникалық қызмет көрсету бойынша жасалған шарттары болмаған жағдайда қандай жауапкершілік белгіленетінін айқындау қажет. Мұндай жекелеген норманы енгізу газбен жабдықтаушы ұйым мен тұтынушы арасындағы өзара қарым-қатынасты ретке келтіруге, олардың газ техникалық жабдықтарының жай-күйі үшін жауапкершілік арқалауына ықпал етер еді», - деді сенатор Ерік Сұлтанов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.