Елордалықтар коронавирусқа тест тапсыру үшін сағаттап кезекте тұруға мәжбүр

0
702

Қазір көптеген кәсіпорын іске қосылып жатыр. Кейбір ұжымда барлық қызметкер тест тапсыруы керек, сондықтан келушілер көбейген.


Елордалықтар коронавирусқа тест тапсыру үшін сағаттап кезекте тұруға мәжбүр

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда коронавирусқа тест тапсыратын орталықта ұзын-сонар кезек пайда болды, деп жазады Sputnik Қазақстан.


Елордада ПТР сынама тапсыратын ашық аспан астындағы жалғыз орталық оншақты күн бұрын ашылған. Қалаған адам ақысын төлеп жаяу да, көлікпен де келіп, тексеріле алады.
Бірақ күніне қабылданатын адам саны шектеулі. Яғни, орталық таңнан кешке дейін тек 90 адам қабылдайды. Ал келушілер саны жүздеп саналады. Сондықтан кезекке таласып айқай шу шығады.
Мамандардың айтуынша, бұл жерде тек сынама алынады. Сөйтіп, зертханға жіберіледі. Нәтижесі 6-7 сағатта қолға тиеді. Ал оны тапсыру үшін алдын ала тізімге қосылу керек. Содан кейін сынама тапсыратын күніңіз бен уақыты нақтыланған талон беріледі. Көрсетілген сағатта келсеңіз ешқандай мәселе жоқ.

"Қазір көптеген кәсіпорын іске қосылып жатыр. Кейбір ұжымда барлық қызметкер тест тапсыруы керек. Сондықтан келушілер көбейді. Қазір зертханалық экспертиза жасайтын орталықта жаңадан модульдік аппарат алынды. Ол тәулігіне 5 мың сынаманы тексере алады. Сондықтан екі үш күнде бұл мәселе шешілуі тиіс ", - дейді №2 көпбейінді қалалық аурухананың директоры Иван Ли.

Дәл осындай кезек қала ішіндегі жеке зертханаларда да байқалады. Мұндағылар коронавируспен ауырмайды деген анықтама жұмысқа бару үшін қажет екенін айтады. Кейбіріне тексерілу ақысын жұмыс берушілер төлеген. Десе де сынама тапсыру оңай емес. Электронды кезек істемейді. Яғни, онлайн жазылғандарға шақырту келмеген. Амалсыз сағаттап күн астында тұруға мәжбүр.
Бүгінге дейін елордада 150 мыңдай адам коронавирусқа тексерілді. Қалада ПТР сынамасын алатын мемлекеттік және жеке бірнеше зертхана жұмыс істейді. Алынған сынамалар 7 орталықта қаралады. Олар тәулігіне 5 мың сынаманың талдау қорытындысын шығара алады.