Ескі жаңалыққа сеніп қалған қазақстандықтар несие төлеуден бас тартып жатыр

0
538

Желіде "Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен отбасылардың кредиттерін өтеу туралы Жарлыққа қол қойды" деген видео тарап жатыр.


Ескі жаңалыққа сеніп қалған қазақстандықтар несие төлеуден бас тартып жатыр

ERNUR.KZ. Кадрларда несиеге есептелген өсімпұл да өтелетіні айтылады. Алайда бұл ескі жаңалық, - деп жазады tengrinews.kz.

TikTok-та тараған видеода 1 маусымға дейінгі жалпы қарызы 300 мың теңгеден аспайтын көпбалалы асыраушысынан айырылған отбасылар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған, ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі жастардың банк алдындағы берешегі кешірілетіні айтылады.

"Несие алушылардың аталған төлемдерін есептен шығару ең алдымен, екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі", - дейді телеарна жүргізушісі.


Алайда TikTok-та жарияланған видео 2019 жылғы жаңалықтан алынған үзінді. Сол жылы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың банк алдындағы берешегіне қатысты Жарлыққа қол қойды. Ондағы мақсат - қиын жағдайға тап болған отбасыларға, көпбалалы, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жетім балалардың қаржылық ахуалын жақсарту еді.

Үш күн бұрын жарияланған бұл ескі жаңалыққа сеніп қалған адамдар да жоқ емес. Клиенттер төлем жасаудан бас тартып, 1 маусымды күтетінін айтып жатыр. Ақпаратты қаржы институттары растап отыр.

Айта кетейік, кредит төлеу мерзімі өтіп кетсе, қарыз көлемі өседі. Салдарынан несие тарихы бұзылуы мүмкін.