Қарағандыда немересі 3 жыл бойы қайтыс болған атасының зейнетақысын алып отырған

0
712

Сотталушы ақшаны банк кассасынан сенімхат арқылы алған.


Қарағандыда немересі 3 жыл бойы қайтыс болған атасының зейнетақысын алып отырған

ERNUR.KZ. Қарағандыда 3 жыл бойы қайтыс болған атасының зейнетақысын алған тұрғын сотталды, деп жазады Tengrinews.kz.

Қылмыстық іс Қазыбек би аудандық сотында қаралды.

Сотқа дейінгі тергеу мәліметінше, 34 жастағы қарағандылық 3 жыл бойы қайтыс болған атасының зейнетақысын алып отырған. Ал атасы 2017 жылдың сәуірінде қайтыс болыпты. Сотталушы ақшаны банк кассасынан сенімхат арқылы алған.

Тексеріс барысында күдіктіге сенімхатты атасы бергені, ол нотариус арқылы куәландырғаны анықталды. Алайда сенімхатты алғаннан кейін оның атасы жүрек ауруынан қайтыс болған. Алайда немересі атасының қайтыс болу дерегін тіркемей, есепшотындағы зейнетақыны ала берген. Күдікті 3 жылда 3,7 миллион теңгені иемденген.

Заң бұзу дерегі осы жылдың сәуірінде зейнетақы алушылардың мәліметтер базасын медициналық ұйымдар ұсынған қайтыс болғандардың тізімімен салыстыру кезінде анықталған.

Сот отырысы барысында сотталушы кінәсін толық мойындап, атасының қайтыс болу фактісін тіркеу керегі туралы білмейтінін айтқан. Ол судьядан өзін бас бостандығынан айырмауды және келтірілген шығынды өтеуге уақыт беруді сұрады.

Қазыбек би аудандық соты күдіктіні ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі ("Ірі көлемдегі алаяқтық") бойынша кінәлі деп тауып, 3,6 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды.

Сондай-ақ, сотталушы шығынды өтеуге және қоғамдық орындарда жыл сайын жүз сағат жұмыс істеуі тиіс, әрі ер адам пробациялық бақылауда болады.