Кен орнының басшылары жер сипап қалғанын бухгалтер жұмысқа шықпай қалғанда бір-ақ білген7
Бір жарым миллиард теңгені қолды қылған бухгалтер әлі іздестіріліп жатыр. Степногордағы «Қазақалтын» тау кен комбинатының 37 жастағы есепшісі осыншама қаражатты алып тайып тұрған, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Кен орнының басшылары жер сипап қалғанын бухгалтер жұмысқа шықпай қалғанда бір-ақ білген. 1 миллиард 533 миллион теңгені өз есепшотына аударған қаржы бөлімінің қызметкері жалғыз кетпеген сияқты. Динара Бегалинамен бірге оның күйеуіне де іздеу жарияланды.
1983 жылғы Қайрат Нұрмағанбетов бұрын сотталған екен. Екеуі де Степногор қаласының тұрғыны. Қазір оларды полициядан бастап, бірнеше ведомство аяғынан тік тұрып іздеп жатыр.
«Полицияға «Қазақалтын» тау-кен комбинаты қаржы бөлімінің басшысынан қарамағындағы есепшінің аса ірі көлемдегі қаражатпен із-түзсіз жоғалып кеткені жайлы арыз түсті. «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Іздеу жарияланды». - деді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.