Елде 1 гигабайт интернет үшін орташа есеппен 0,46 АҚШ доллары төленеді.
ERNUR.KZ. Биыл жыл басында Қазақстанда интернетке қолжетімді 16 млн ұялы байланыс абоненті тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8% артық. Соңғы бес жылда көрсеткіш орташа есеппен жыл сайын 7,8% өсуде, деп жазады 24.kz.
Елде интернетке қосылған абоненттердің саны бір жыл ішінде 5,1% өсіп, 2,6 миллион абонентке жетті. Осылайша, барлық сегментте интернетті пайдаланушылар санының айтарлықтай өсуі байқалады.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды. Сондай-ақ Қазақстанда мобильді интернеттің тарифтері салыстырмалы түрде арзан. Әлемдік рейтингте Қазақстан интернеті ең арзан ТОП-10 елдің қатарына кіреді. Сонымен, 2020 жылы Қазақстан әлем бойынша 6-орынға ие болды.
Елде 1 гигабайт интернет үшін орташа есеппен 0,46 АҚШ доллары төленеді. Рейтингте барлығы 228 елдегі баға зерттелген. Егер Қазақстанда 20 гигабайт интернет үшін тұрғындар орташа есеппен 9,2 АҚШ долларын (3 840,4 теңге) төлейтін болса, көрші Ресейде – 10,3 доллар (4 299,6 теңге), Ұлыбританияда – 27,9 доллар (11 646,5 теңге), Германияда – 81,2 доллар (33 895,9 теңге), АҚШ-та – 160 доллар (66 789,8 теңге), Швейцарияда – 167, 5 доллар (69 920,7 теңге), Грекияда – 241,3 доллар (100 727,5 теңге).