Қазақстандықтар коронавируспен ауырып шыққан болуы мүмкін

0
887

Бұрын вирус жұқтырған адамдарды анықтау мүмкін болмаған.


Қазақстандықтар коронавируспен ауырып шыққан болуы мүмкін

ERNUR.KZ. Сәуір айында астаналықтар мен алматылықтар коронавирусты анықтауға арналған экспресс-тестті тегін өте алады. Олардың арасында күз және қыста тұмауратып шыққан адамдар да болады. Олар коронавирусты анықтау мүмкін болмаған кезде вируспен ауырып шыққан болуы мүмкін, деп жазады Tengrinews.kz.

"Біз экспресс-тестті міндетті түрде өтетін адамдарды бірнеше топқа бөлдік. Олардың бірі - 2019 жылдың қараша-желтоқсанынан 2020 жылдың қаңтар - ақпан айларында вирусты ауруларды жұқтырған азаматтар", - деді "Олимп" клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің бас директоры Ерлан Сүлейменов.

Ол уақытта Қазақстанда коронавирус тіркелген жоқ, алайда сол кезде оларды анықтау да мүмкін болмаған.

"Осы инфекциямен ауырып шыққан адамдар тобы болуы мүмкін. Сол кезде бізде тест болған жоқ, ал реагенттерді өндірушілер оларды әлі шығармаған, ал Қазақстанда қолжетімсіз болды. Елімізде тек қазір ғана экспресс-тесттер пайда болды, реагенттерді өндіруші компаниялар індетке байланысты оларды шығара бастады", - деп түсіндірді Сүлейменов.

Оның айтуынша, экспресс-тест адам мұның алдында COVID-19-бен ауырып, жазылып шықса да реакция береді.