Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысындағы әдеп жөніндегі кеңесінің кезектен тыс отырысында үш іс қаралды.
ERNUR.KZ. Мұғалжар аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерік Бұхарбаев Ұлттық тестілеу орталығынан келген 14 адамды тамақтандырып, моншаға апарған, деп жазады Aktobenews.kz.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысындағы әдеп жөніндегі кеңесінің кезектен тыс отырысында үш іс қаралды. Бірінде Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығынан келген комиссия мүшелерін пойыздан күтіп алып, қонақ үйге орналастыру, моншаға апару, тамақтандыруды міндетіне алған Ерік Бұхарбаев жауап берді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департамент бас маманы Қайрат Акиевтің айтуынша, Е.Бұхарбаев Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы "Сұлтан" қонақ үйінің әкімшісі Өтемұратоваға, "Алтын орман" мейрамханасының әкімшісі Қазинаға, "Дастархан" мейрамханасы мен "Нұрсәт" моншасының әкімшісі Қадыралиеваға тапсырысты алдын ала беріп, қызмет үшін төленетін ақшаны өзіне қарыз етіп жаздырған. Өзі комиссия мүшелерін 18 маусымда күтіп алып, 22 маусымға дейін бірге жүрген. Сол кезде білім бөлімі басшысының орынбасары болған, қазір Мұғалжар аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерік Бухарбаев өз кінәсін мойындағанымен мұны қазақы қонақжайлылық деп білетінін жеткізді.