"Күдікті шенеуніктің баласы болуы мүмкін": Ақмола облысында оққа ұшқан екі ер адамның туыстары кінәлілердің жазалануын сұрады

0
383

​Ақмола облысының Ақкөл қаласында жан түршігерлік қылмыс орын алды.


ERNUR.KZ. Екі ер адам оққа ұшып, олардың соңында кішкентай балалары қалды. Қаза тапқандардың туыстары қылмыскерлер жазадан құтылып кете ме деп қауіптеніп отыр, деп жазады Stan.kz.


Қаза тапқан екі азаматтың жақындары жан-жақты және объективті тергеуді талап етіп отыр.

Кісі өлтіру оқиғасы 11 тамызға қараған түні болған. Полицейлер тергеу құпиясын сылтауратып, қылмыстың себебі мен егжей-тегжейлерін әзірге жарияламай отыр екен. Күдіктілердің анықталып, ұсталғаны ғана белгілі. Қазір "Алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам жасаған адам өлтіру" бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр дейді.

Аталған кісі өлтіру оқиғасы туралы қалың жұртшылық жәбірленушілердің бірінің туысы әлеуметтік желіде жазба жариялаған соң білген.

Қаза тапқандардың бірі Қайырбек Сәбиевтің анасы Гүлжан Бүргеғұлованың айтуынша, сол қаралы кеште оның ұлы мен досы дәмханада отырған.

"Олар ішпейді, екеуі де спортшы. Жақын достар әрі жаттықтырушылар. Олардың Ақкөлде өз мектебі бар. Сол күні дәмханада жай ғана отырған. Ешкімге тиіспеген. Сосын олардың жанына екі адам жақындап, тиісе бастаған. Олар кез келген нәрседен оңай сытылып кете алатын, жергілікті заңсыз адамдар. Менің ұлым өзін және досын қорғай алатын мықты адам болды. Сол себепті олар ұлымды сыртқа шығарып, атып тастады", – дейді марқұмның анасы.



Анасының сөзінше, Ақкөл қаласында ұлы мен досын бәрі жақсы таниды.

“Ол бала кезінен спортпен айналысып, кейін өз білімі мен тәжірибесін қазақстандық жас спортшыларға үйрете бастады. Ұлым спортшылардың жаңа буынын тәрбиелеп жатқан әділ, шыншыл адам еді. Оның қаншама марапаттары мен жарыстардан алғыс хаттары бар. Қазір кенже ұлым және бізді уайымдап жүрген барлық туыстарым үшін қатты алаңдаймын. Кіші ұлым 12 жаста. Ол жарыстарға да қатысқан, көптеген марапаттары бар. Сондай-ақ айғақ берген жиенім және жалғыз куәгерім үшін уайымдаймын", – деді ол.

Гүлжан Бүргеғұлова тергеу барысын жария етуге құқығы жоқ екенін еске салу үшін бірнеше рет полицияға шақырылған.

"Мен оларды алаңдатып тұрған сияқтымын. Марқұмның анасы ретінде тергеуге қалай кедергі жасай аламын? Олар жұмыс істеп жатырмыз, тергеу жалғасып жатыр дейді. Мен әзірге ештеңе айта алмаймын. Себебі құқығым жоқ. Өзіме түскен ауыртпалық туралы ғана айта аламын”, – дейді ол.



Қайырбектің артында екі кішкентай баласы қалды. Кіші қызы енді ғана сөйлеп үйренген.

"Ол күнде кешкісін: "Әкем қайда? Дүкенге кетті ме?" деп сүрайды. Күн сайын ол жыламауы үшін әкесінің дүкенге кеткенін айтамын", – дейді әйел.

Марқұмның анасының айтуынша, күдіктілер қаладағы белгілі адамдардың немесе шенеуніктердің баласы болуы мүмкін.

“Бейбіт уақытта адамдарда атыс қаруы қайдан жүр? Күдіктілер өздеріне бәрін жасауға рұқсат етілген деп ойлайды. Ондайлар көп. Бұлар жалғыз емес, үнемі топтасып жүреді. Оларды бүкіл Ақкөл біледі. Бәрі олардан қорқады. Менің ұлым адал, әділ адам еді. Оның өлтірілуіне осы себеп болған шығар", – деді марқұмның анасы.

Қайырбектің бұрынғы жаттықтырушысы Instagram желісінде жігіттің күресті 10 жасында бастағанын мәлімдеді. Сондай-ақ 2008 жылдың қараша айында Астанада жаттығып бастағанын, ММА-ға қызығатынын және оны өте жақсы меңгергенін жазды.

"Қазақстан чемпионаты мен республикалық турнирлерде өнер көрсетті. Ол аралас жекпе-жек өнерін қатты ұнататын және өзін жаттықтырушылыққа арнаған еді. Ақкөлде ол Akkol Fighters ММА клубын ашты. Қайырбек техникалық және тактикалық жағынан өте сауатты жаттықтырушы еді. Жаттығу кезінде ол балалармен көп араласатын, шәкірттерінің оқуға, жарысуға деген ынтасы зор болды", – деді ол.