Легионерлерге мемлекеттен ақша беруді тоқтату ұсынылды

0
320

Отандық спорт саласы реформаны қажет етеді.


Легионерлерге мемлекеттен ақша беруді тоқтату ұсынылды

ERNUR.KZ. Санаулы күндерден кейін Парламент депутаттары каникулдан шығады. Заң шығарушы органда талдау мен пысықтауды қажет ететін мәселелер жетерлік. Соның бірі спорт саласына қатысты. Тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Жұмыс тобына жетекшілік ететін Нартай Сәрсенғалиев құжаттың негізгі нормаларын таныстырды, деп жазады inbusiness.kz.

"Бұл заң жобасына қазір үлкен өзгерістер, маңызды нормалар енгізіп жатырмыз. Мысалы республикалық және аймақтық федерациялар дегенді алып тастап, орнына ұлттық федерацияларды енгізу туралы нормалар келді алғашында. Біз бұл мәселені жан-жақты қарастырамыз. Ведомствоның 180 спорт түрін бекітуіне байланысты былтыр депутаттық сауал жолдадым, содан біраз мәселенің шеті шыққан болатын. Бұл мүлдем ақылға сыймайтынын, оны азайту керегін айтып, тиісті заң жобасының ішіне арнайы нормаларды бердік. Жоғары жетістіктер спорты дегенге тек олимпиадалық, паралимпиадалық, сурдоолимпиадалық, азиялық, паразиялық және ұлттық спорт түрлерін ғана қалдырамыз, қалғанын мемлекеттен мүлдем қаржыландырмау керек деген норманы ұсынып отырмыз. Өйткені халықтың қазіргі әлеуметтік жағдайында спортқа есепсіз ақша бөлу ақылға сыймайды", - деді депутат редакция тілшісіне берген жауабында.

Сөзінше, Қазақстан соңғы жылдары жоғары жетістіктер спортына 775 млн доллар бөліп келген.

"Әлбетте, бұл үлкен қаражат. Сондықтан оны азайту керек деген норманы бердік. Депутаттық топ бұл норманы қабылдады. Біз осылайша қаржыландырылатын спорт түрлерін мүлдем азайтуымыз қажет. Тек қана әлемдік аренада есепке алынатын спорт түрлерін ғана қалдырғанымыз жөн. Екіншіден, заң жобасында бұқаралық спортқа қатысты нормалар бар. Осыған дейін бөлінетін қаражатты тиісті деңгейде бақылау тетігі болмады. Бұқаралық спорт деген атаумен бір аулаға бір турник қояды немесе темір терсек қояды да, сонымен қыруар ақша жоғалып жатады. Осы заң жобасының ішінде тиісті негіздемені де қарастырып отырмыз", - деп атап өтті Нартай Сәрсенғалиев.

Мәжіліс депутаты елде кезек күттірмейтін тағы бір мәселе легионерлерге қатысты екенін айтты.

"Өздеріңіз білесіздер, шетелдік спортшылар бізге келеді, есепсіз қаржы алады, барлығы бюджеттен төленеді. Дамыған елдерді қарайтын болсақ, әркімнің өз демеушісі бар, бірақ елімізде бәрі бюджеттің басына отырып алған. Сондықтан осыған қатысты бірнеше депутат арнайы норма ұсынды, бұл легионерлерге мемлекеттік бюджеттен мүлдем қаражат бөлмеу туралы. Яғни оларды сатып алуға да, айлығы мен сыйақысына, бонусына да мемлекеттен бір тиын берілмеуі керек. Футбол клубы немесе хоккей клубы шақырып ала ма – өздері демеуші тапсын, сол арқылы ғана қаржыландырылысын деген норманы бердік. Қазір бұл нормалар Үкіметтің қорытындысына жіберіледі. Бұдан бөлек бізде квазимемлекеттік сектор бар. Олардың да бөліп жатқан ақшасы өте көп. Легионерлер мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмасын және квазимемлекеттік сектордан бір тиын ақша алмасын деген норманы бердік", - деп жалғастырды спикер.

Халық қалаулысы спорт федерацияларына аккредитация беру мәселесі де қарастырылып жатқанын баса айтты.

Нартай Сәрсенғалиевтен бұл нормалар қабылданатын болса, заң жобасы шамамен қашан күшіне енуі мүмкін екенін сұрадық.

"Біз барынша жеделдетуге тырысамыз. Жұмыс тобын тоқтаусыз өткізіп жатырмыз. Мұқият қарау үстіндеміз. Заң келесі жылы қолданысқа енсе дейміз. Біз сол үшін тырысатын боламыз, себебі бұл салаға реформа қажет екенін көзіміз көріп отыр", - деді ол.

Депутат салаға реформаның қажет екенін бірнеше олимпиада көрсеткенін жеткізді. Айтуынша, бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөлу керек.

"Бұқаралық спорт дегеніміз жалпы халыққа, елге салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау. Бұл фитнес залдарды ашып тастап, барлығын спортсмен қылып жіберу емес. Бізде аула клубтары бар, әкімдіктер алады да жаттықтырушыларды айлыққа отырғызады, олар келіп жаттықтырады. Бұқаралық спорттың бір түрі – аула клубтары. Осы заңмен айналысқан кезде салада жүрген азаматтармен мүмкіндігінше кездесіп жатырмын. Олар жаттықтырушы ретінде айына 60 мың теңге төленетінін айтады, бұл ақшаға қай тренер барып жұмыс істейді? Ақылға сыймайды ғой. Сондықтан осы сияқты мәселелер өте көп", - деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.