Биыл наурызда Петропавлда екінші жылу электр орталығының мұржасы құлап, қала тұрғындары жылусыз қалған еді.
ERNUR.KZ. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Петропавл тұрғындары биыл қыста жылусыз қалмайтынына сенімді, деп жазады sputnik.kz.
Үкімет кулуарында журналистер министрден "Петропавл ЖЭО-дағы апатқа байланысты биыл қыста Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары жылусыз қалмайтынына кепілдік бере аласыз ба?" деп сұрады.
"Бір нәрсеге кепілдік бере аламын: біз жылу болуы үшін қолдан келгенді аянып қалмаймыз. Жыл басында, апат болған кезде қабылданған шешімге сәйкес, қазір жоспар бойынша келе жатырмыз. Биыл еш іркіліссіз, ойдағыдай өтеміз деген сенімділік бар", - деп жауап берді Ақшолақов.
Еске салсақ, осы жылы 20 наурызда Петропавл қаласында екінші жылу электр орталығының мұржасы құлады. Үйінді арасынан 38 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Қаза тапқан машинист әйел қазандық цехында жұмыс істеген. Қазандықты бақылауға жауап берген.
ЖЭО-ның құлаған мұржасы 1961 жылы пайдалануға берілген. Кейінірек апат болған Петропавл ЖЭО-2 жұмысын қалпына келтіру бойынша жол картасы әзірленді. Энергетика министрлігі жөндеу жұмыстарына 17,5 млрд теңге жұмсалатынын хабарлаған еді.