2,5 проценттік кредит 35 жасқа дейінгі адамдарға ғана беріледі.
ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жастарға арналған грантқа қандай бизнес ашылып жатқанын айтты, деп жазады sputnik.kz.
Министрдің айтуынша, 2,5 проценттік кредит 35 жасқа дейінгі адамдарға ғана беріледі. Олар заң бойынша жастар санатына жатады. Жұмысы бар ма, жоқ па, оған қарамайды.
"Ондай кредиттер жұмыс істейтін, істемейтін және оқитын жастарға беріледі. Ешқандай шектеу болмайды. Былтыр жергілікті атқарушы органдар жақсы тәжірибе өткізді. Алдымен конкурс ұйымдастырылады. Әрбір адам өзінің бизнес-жоспарын таныстырады. Қолдау тапса, ақша бөлінеді", - деді Дүйсенова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, кредит нақты бір салаға арналмаған. Оны алғысы келетін адам кез келген бизнес аша алады. Басты талап – сұраныстың болуы.
"Мысалы, Қызылорда облысының Шиелі ауданында болдым. Ол жақта бір қыз жұмыс істейтін адамдар жартылай фабрикаттарды көп алатынын көріп, сондай тауар шығаруға ұсыныс жасады. Қазір торт та, тұшпара да шығарып сатады. Бас кезінде екі адамы болды, артынан тағы төрт жұмысшы қосылды. Ал Ұлытау облысында жас жігіттер көшпелі кинотеатр ұйымдастырды. Оған да кредит бөлінді", - деп атап көрсетті Дүйсенова.
Айта кетері, осы бастаманы іске асыруға бюджеттен 28 миллиард теңге бөлінді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кредит өтеусіз беріледі.