Наурызда әуе айлағы 5,6 миллиард теңгеге шығарылып, мамырда бастапқы баға 2,8 миллиардқа дейін төмендетілді. Маусымда баға бастапқы 5,6 миллиард теңгеге қайта оралды да, ақыры шілдеде әуежай 2,8 миллиард теңгеге сатылды.
ERNUR.KZ. Петропавл әуежайы төртінші рет аукционға шығарылып, 2,8 миллиард теңгеге сатылды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Петропавл әуежайын сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендер өтті деп танылды. Петропавл әуежайының мүлкі бес жыл мерзімге 2,8 миллиард теңгеге сенімгерлік басқаруға берілді. Сатып алушы әзірше белгісіз.
Сенімгерлік басқарушы шарт жасалған күннен бастап 10 жыл мерзім ішінде қызмет көрсету түрін сақтауға, оған 1,2 миллиард теңге инвестиция салуға, өрт қауіпсіздігі мен қауіпсіздік техникасы нормалары мен талаптарын, күзет талаптарын сақтауға, терроризмге қарсы қорғаныс жүйесін, әуежай аумағын өрт сөндіру техникасымен жабдықтауға, білікті мамандардың болуын, нысанды мақсатына сай пайдалануға, оны бөлшектеу мен таратуға жол бермеуге міндеттеледі.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар сенімгерлік басқаруға беру рәсімі кезінде әуежай қалыпты режимде жұмыс істейтінін айтты.
Қомақты қаражатты қажет етеді
Петропавл халықаралық әуежайы 1974 жылдан бері жұмыс істейді. Кеңес дәуірінде бұл тәулігіне 40-қа дейін рейс орындалатын және Кеңес Одағының көп қаласына күн сайын жолаушы аттандыратын танымал әуе айлағы болды.
КСРО ыдырағаннан кейін әуежай бірнеше рет бір меншік иесінен екіншісіне өтіп, материалдық-техникалық базасы әбден тозды. Ал жұмысшылар жалақының кешіктірілуіне қатысты үнемі шағымданып келді.
2016 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жолаушылар кешені мен ұшу-қону жолағына ауқымды реконструкциялау жүргізілді. Содан кейін әуежай заманауи авиалайнерлерді шектеусіз қабылдай алды.
2019 жылы Петропавлдан Шарм-эль-Шейхке тікелей рейс ашылды. Бірақ петропавлдықтардың Мысырға ұшу мүмкіндігі небәрі бір жаз маусымына созылды. Таяуда туристік компаниялар солтүстікқазақстандықтар үшін осы жылы 18 маусымнан бастап Петропавлдан Мысырға тікелей әуе қатынасы қайта жанданатыны туралы қуанышты хабарды жеткізді.
2020 жылдың қазан айында әуежай қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа үлкен көлемде жалақы кешіктірілгені туралы шағымданды. Осы кезде Петропавл әуежайын банкрот деп жариялауға дайындалып жатқаны белгілі болды. Содан кейін нысанды облыс әкімдігінің бөлімшесі – "Солтүстік" ӘКК теңгеріміне коммуналдық меншікке беру рәсімі басталды.