Петропавлда қалың қардан жол апаты жиіледі

0
565

Қазір Петропавл көшелерінде қар тазалайтын машиналар жұмыс істеп жатыр.


ERNUR.KZ. Петропавлда жұма күні кешке басталған қар түні бойы жауды. Сенбі күні қалада боран мен көктайғақ болды, соның салдарынан қала жолдарында оннан астам жол апаты тіркелді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Қазір Петропавл көшелерінде қар тазалайтын машиналар жұмыс істеп жатыр. Кешеден бері 7 миллиметрге жуық қар түсті. Коммуналдық қызметтер дереу жолдарды қардан тазартуға кірісті.

"130 километр магистральді көшелер тазартылып жатыр. 23 техника жұмылдырылды. Тағы 19 техника тротуарлардағы қарды шығарды, 3 техника жол жиегіне көктайғаққа қарсы материал төкті. Қар тазалауға 17 техника мен 30 адам жұмылдырылды. Кешкі және түнгі уақытта барлық магистральді көшеде механикаландырылған тазалау жұмыстары жоспарланған", - деді Петропавл әкімі Руслан Анбаев.

Оның айтуынша, қыста қар тазалау жұмыстарына барлығы 154 техника жұмылдырылады.
"Естеріңізге салсам, қар көп жауғанда қар тазалау магистральді көшелерден басталады, содан кейін іргелес көшелер тазартылады. Жолдардың қауіпті учаскелеріне құм-тұз қоспасы себіледі. Қысқы маусымда оның қоры 2 мың текше метрді құрайды", - деді әкім.
Сондай-ақ қала әкімі облыс орталығындағы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үндеу жолдады.
"Өкінішке қарай, ауа райының қолайсыздығына байланысты бір тәулікте қалада 14 жол апаты тіркелді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір ауа райы нашарлады, көше көктайғақ. Сондықтан жолда мұқият болуға шақырамын", - деді Руслан Анбаев.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан тілшісіне хабарлағандай, таңғы сағат 8-ден бері жол апаты туралы бес хабарлама түскен және әлі де жалғасып жатыр.