Петропавлдағы жарылыс: Қосымша ақпараттар белгілі болды

0
2 514

Кеше Петропавлда көпқабатты үйде жарылыс болды. Салдарынан екі адам қаза болды.


Петропавлдағы жарылыс: Қосымша ақпараттар белгілі болды

ERNUR.KZ. СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде Петропавл қаласындағы 5 қабатты тұрғын үйдегі ТЖ салдары және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы брифинг өтті, деп жазады baq.kz.

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов жарылыстан зардап шеккендер туралы айтып берді.

Өрт шыққаны туралы ақпарат бірыңғай телефон нөміріне сағат 15:59-да келіп түсті. Бірінші өрт сөндіру бөлімшесі сағат 16:00-де шығып, 3 минут өткенде оқиға орнында болды. Тұрғын үйдің бірінші және екінші қабатында түтін шығып жатқанын байқадық. Құтқарушылар іздестіру және зардап шеккендерді құтқару операцияларымен айналысты. Оқиға орнында болған жас жігіт пен қыз жедел жәрдеммен реанимация бөліміне жіберілді, - деді ол.

Сонымен қатар халықтың басым көпшілігі көмек келем дегенше, өз беттерінше эвакуация жасаған.

120 адам эвкуацияланды. Өртті сөндірудегі басты қиындық жарылыс кезінде өрт толығымен бірінші қабатты алып, желдету жүйесі арқылы екінші қабатқа тараған. Тұрғын үй 5 қабатты. Үй дәліз түрінде салынған. Дәлізде де өрттің өршуіне алып келетін заттар болған, - деп атап өтті Рамиль Камалов.

Өрт оқшауланғаннан кейін үйінділердің астынан қыздың денесі табылды.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Жарылыстың себептері анықталып жатыр.

Бірінші қабатты жеке кәсіпкерлердің субъектілері орналасқан. Жарылыс кезінде іргелес қабырғалар мен қалқалар да қирады. Сағат 19:11-де өрттің толығымен сөндірілгені хабарланды. Зардап шеккен адамдар №2 қалалық мектеп ғимаратына және М.Қозыбаев атындағы СҚУ №2 жатақханасына орналастырылды. Тұрғындардың басым көпшілігі туыстарына кетті, 10 адам университеттің №2 корпусында және шамамен 57 адам мектеп ғимаратында қалды, - деп айтты ТЖД бастығы брифингте.

Оның сөзінше, бүгінгі күні медициналық көмекке 16 адам жүгінген.

1996 жылғы жігіт қайтыс болды. Бір қыздың жағдайы өте ауыр. Денесінің 60%-ын күйік шалған. Сондай-ақ 2 жас жігітке шүғыл түрде ота жасалды. Оларда бас миының жарақаты болған. Қазіргі күні оларды стационарға ауыстырды. Қазіргі күні 8 адам түрлі жарақатпен, күйікпен ем алып жатыр. 7 адам тексерілуден өтті. 2 кісі ауруханаға жатудан бас тартты. 7 адам стационарда жатыр. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, - деп айтты ол.

Еске сала кетейік, кеше Петропавлда көпқабатты үйде жарылыс болды. Салдарынан екі адам қаза болды. Оқиға орнынан 13 адам түрлі жарақаттармен облыстық және қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.