ЖЭО-да наурызда апат болып, бір адам қаза тапқан болатын.
ERNUR.KZ. ҚР Энергетика министрлігінің комиссиясы түтін мұржасының бір бөлігінің құлауына қатысты технологиялық заңбұзушылықты тексеруді аяқтады, деп жазады Azattyq Ruhy.
Түтін мұржасының толық тексерілуін қамтамасыз ету және оның құлау себептерін анықтау мақсатында комиссия қазандықтардың жұмыс режимдеріне, қазандықтардан шығатын газдардың параметрлеріне, түтін мұржасын пайдалану режиміне, мұржадағы түтін газдарының параметрлеріне энергетикалық сараптама және №1 түтін мұржасына техникалық құрылыс сараптамасын тағайындады.
Сараптама қорытындылары мен кешенді ғылыми-техникалық зерттеу қорытындылары негізінде Комиссия мұржа құлауының мынадай себептерін атады:
- түтін мұржасын салу сатысында жіберілген жобалау ақаулары және бетондау ақаулары;
- жоспарлы-алдын ала жөндеу мерзімдерін, кезекті тексеру жүргізу мерзімдерін сақтамау бөлігінде түтін мұржасын тиісінше пайдаланбау;
- қазандықтардан тыс шығатын газдардың температурасы бөлігінде қазандықтардың жұмыс режимдерін сақтамау;
- қазандықтардың жоғары апаттылығы және қазандықтардың авариялық тоқтатылуынан кейін мазутты пайдалана отырып, конденсаттың түзілуіне және төмен температуралы коррозияға қатысты газ жолы мен түтін мұржасының жұмыс жағдайларының нашарлауына әкеп соққан жиі іске қосылуы;
- 2-ПЖЭО басшылық құрамы мен жауапты мамандары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы.
Осылайша, жоғарыда аталған факторлардың жиынтығы түтін мұржасының құлауына себеп болды.
«Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша осындай технологиялық бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі негізгі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар әзірленді. Жол берілген бұзушылықтар мен кемшіліктер фактілері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тиісті шаралар қабылданатын болады», - делінген ҚР Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Станция жабдықтарының авариялары мен тоқтаулары санының артуына себеп болған 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңіндегі жөндеу науқаны барысында жіберілген кемшіліктер үшін Директорлар кеңесінің шешімімен «Севказэнерго» АҚ жауапты басшыларына лауазымынан босату және лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік шаралар қабылданды.
Еске салсақ, 22 наурызда сағат 10:32-де құтқарушылар қираған құрылыс конструкцияларының астынан ЖЭО-2-де жұмыс істеген машинистің денесін тауып алған болатын. Тергеу барысын облыс прокуроры мен СҚО ДП басшысы өз бақылауына алды.
«Петропавл 2-ЖЭО» ЖЭО директоры мен бас инженері ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша тергеу шаралары аясында қамауға алынды.