Смайылов "АрселорМиттал Теміртауға" қатысты наразылықтар туралы айтты

0
501

Өңір активімен кездесуде Премьер-министр бірқатар өзекті мәселеге назар аударды.


Смайылов

ERNUR.KZ. Әлихан Смайылов "АрселорМиттал Теміртауға" қатысты наразылықтар туралы айтты, деп жазады tengrinews.kz.

8 желтоқсанда Қарағандыда еліміздің Премьер-министрі мен Президент Әкімшілігі басшысы қатысқан Қарағанды облысының барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының жиыны өтті. Облыс әкімі лауазымына үміткерлер қаралды. Ол Ермағанбет Бөлекпаев болды.

Өңір активімен кездесуде Премьер-министр бірқатар өзекті мәселеге назар аударды.

"Мәселен, модернизация қарқыны төмен және технологиялық жағдайы нашар "АрселорМиттал Теміртаудағы" жағдай алаңдаушылық туғызады, өнеркәсіптік қауіпсіздікке немқұрайды қараудың салдарынан өлім-жітім саны артып отыр", - деді Премьер-министр.

Ол бүгін өндірісте тағы бір қайғылы жағдай болып, кәсіпорын қызметкері қаза тапқанын атап өтті.

"Мұның бәрі - компания басшылығының тікелей жауапкершілігі. Осыған байланысты оларға кәсіпорынның ешқандай сын көтермейтін барлық бағыты бойынша наразылық білдірілді. Қазір Үкімет бұл мәселелерді реттеу бойынша белсенді келіссөздер бастап кетті", - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, ол өнеркәсіптік өндірістердің экологиялық жағдайға тигізетін зардабын азайту, "Саран" индустриялық аймағын дамыту, білікті мамандарды даярлау, жалақыны уақытылы төлеу және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелерін бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.