Тасқын су барлық су қоймаларын толтыруға мүмкіндік берді – министрлік

0
492

27 наурыздан бастап еліміздің солтүстік, батыс, орталық және шығыс аймақтарындағы су қоймаларына 16 текше шақырым су келді.


Тасқын су барлық су қоймаларын толтыруға мүмкіндік берді – министрлік

ERNUR.KZ. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева тасқын суды тиімді пайдалану жолдары туралы баяндады, деп жазады inform.kz.

Оның айтуынша, 27 наурыздан бастап еліміздің солтүстік, батыс, орталық және шығыс аймақтарындағы су қоймаларына 16 текше шақырым су келді.

«Қостанай облысында Тобыл өзенінің ірі су қоймалары тасқын суын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етіп, 92% су жинады. Тобыл өзенінде судың мол келуі соңғы рет 2000 жылы тіркелген. Бірақ ол кезде де мұндай қарқынды ағынның қалыптасуы болған жоқ. Қазір екі су қоймасы да ұзақ уақыт бойы аймақ тұрғындарын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ете алады», - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингіде.

Ақмола облысында Астана су қоймасын толтыру көрсеткіші 99,6% құраған. Бұл жыл бойы елорда тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Есіл өзенінің гидрологиялық жай-күйін жақсарту үшін мүмкіндік береді.

«Былтыр Астана су қоймасындағы су көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етуге жетпеді. Сондықтан су қоймасын Қ.Сәтбаев атындағы каналдан қосымша толтыруға тура келді. Бұл қажеттілікті өтеу қымбатқа шықты және құны 2 млрд теңгеден асқан болатын», - деді министрлік өкілі.

Батыс Қазақстан облысында Жайық-Көшім суару жүйесіне су жіберу мүмкіндігі пайда болды. Шығыс Қазақстан облысында 10 сәуірден бастап, Ертіс өзенінің су қоймаларынан су жіберу Шідерті-Өлеңті аймағын тиімді суландыруға және Әулиекөл көлдерін толықтыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының су қоймаларында су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Қазір су қоймалары 100% толды. Жиналған су жыл бойына аймақ экономикасының қажеттіліктерін толығымен өтеуге мүмкіндік береді.

Ұлытау облысында Кеңгір су қоймасын пайдалану тарихында алғаш рет 270 млн текше метр көлемінде ең көп су жіберу жағдайы тіркелді. Осыған байланысты Кеңгір су қоймасынан жіберілген су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне түсті.

Ал Іле трансшекаралық өзенінің ағыны Алматы облысының Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырымнан астам көлемде су жіберуге мүмкіндік берді.

«Жалпы, тасқын суы барлық су қоймаларын толтыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Атырау облысына келген тасқын суы Каспий теңізіне жіберілетінін, ол үшін қазір қосымша канал қазылып жатқанын қоса кету керек. Яғни, Су ресурстары және ирригация министрлігі қазір су қоймаларында жиналған тасқын суын ұтымды пайдалану бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», - деді М.Әбдуәлиева.