Президент Қытайдағы қылмыспен күрес әдістерін айыптамайтынын атап өтті.
ERNUR.KZ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1988 жылы Қытайда жемқорларға өлім жазасын орындаған сәтке куә болғанын айтты, деп жазады sputniknews.kz.
"Президент 2.0" деректі фильмінде Қазақстан басшысы Қытайда оқып, жұмыс істеген жылдарын еске түсірді. Тоқаев сол кезде Қытайдың оңтүстік қалаларының бірінде өлім жазасын өз көзімен көргенін жасырмады.
"Бір жолы стадионда жемқорларды қалай атып жатқанын көрдім. Сұмдық әсер қалдырды. Адамдарды жүк көлігімен әкеліп, түсірді, көздерін байлап қойған, тізерлеп отырғызып, оларға үкімді оқыды, содан соң әрқайсының желкесінен атты", - дейді президент.
Қазақстан президенті Қытай басшылығының қылмыспен күрес әдістерін айыптамайтынын мойындады. Өйткені бұл мемлекеттің тарихи-мәдени дәстүрі осындай.
"Егер олар сыбайлас жемқорлыққа ғана емес, ауыр қарақшылық шабуылға, зорлауға, банк тонауға мұндай жаза қолданбайтын болса, елдегі жағдайды реттей алмауы мүмкін", - деді Қазақстан басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті. Қытай экономикалық жетістікке, мемлекет басшысының пікірінше, ауқымды реформалар мен шекаралас аумақтардағы нарықты ашудың арқасында қол жеткізіп отыр.
Айта кетейік, 31 арнада көрсетілген "Президент 2.0 " деректі фильмінде Тоқаев өзінің өмірбаяны, дипломатиялық карьерасы, жеке сенімі туралы ресейлік журналист Алексей Пивоваровтың сұрақтарына ашық жауап береді.
Фильмде мемлекет басшысы Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен және басқа елдермен қарым-қатынасы туралы әңгімелейді, өзі кездескен көптеген беделді әлемдік саясаткерге ерекше баға береді.