«Трамадол» препаратын рецептісіз сатқаны үшін 11 млн 144 мың 920 теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынған
ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Трамодол» медициналық препаратының дәріханаларда сатылымын қатаң бақылауға алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Аталған ведомство мәліметінше, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, дәрігердің рецептісі бойынша босатылуға арналған дәрілік заттарды рецептісіз сатуға тыйым салынған. Бұл талапты бұзғандарға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Дәрілік заттарды рецептімен босату ережесіне сәйкес, «Трамадол» рецептімен босатылатын дәрілік препаратқа жатқызылған. ҚР ДСМ осы жауапкершілікті тиімді қолдану мақсатында «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы көтерме және бөлшек саудада өткізу» ережесіне, оның ішінде дәріханада клонидин, кодеин, тропикамид, трамадол, циклопентолат, прегабалин, зопиклон, дифенгидрамин, прометазин сияқты улы заттарды 3 жылға дейін сақтау мерзімін ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізді. Белгіленген талаптардың сақталуын бақылау үшін жоспардан тыс тексеру ҚР ДСМ Фармация комитетінің аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ аймақтық полиция департаменттерінің Есірткіге қарсы күрес басқармасы «Допинг» жедел операциясын жүргізу аясында, ал жекелеген өңірлерде ҚР ДСМ Фармация комитетінің аумақтық бөлімшелерінің мамандарын жібере отырып жүзеге асырады», - делінген министрлік мәліметінде.
2018 жылдың 10 айы бойынша «Трамадол» препаратын рецептісіз сатқаны үшін 11 млн 144 мың 920 теңгеден астам сомаға 52 әкімшілік айыппұл салынған.