Заңгер митингке рұқсат бермеген Астана әкімдігін сотқа берді

0
1 363

Бұған дейін Қазақстанның түрлі қалаларында бірнеше азамат митинг өткізуге рұқсат бермегені үшін жергілікті әкімдіктерді сотқа берген


Заңгер митингке рұқсат бермеген Астана әкімдігін сотқа берді

ERNUR.KZ. Желтоқсанның 19-ы күні Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотында заңгер Антон Фабрыйдың шағымы бойынша Астана қаласы әкімдігінің митинг өткізуге рұқсат бермеу туралы қаулысына қатысты сот тыңдауы басталды. Судья Қымбат Алпысбаева өзін және процесске қатысып отырған Сарыарқа аудандық прокурор көмекшісі Айдана Нұртазанованы суретке түсіруге тыйым салды, деп жазады azattyq.org.

Заңгер Антон Фабрый отырыста соттан Астана қаласы әкімдігінің тамыздың 30-ы күнгі «Конституцияның мемлекет пен қоғамдағы рөлі» тақырыбында митинг өткізуге рұқсат бермеу қаулысын заңсыз деп тануды сұрады. Алайда судья жауапкер жақ - Астана қаласы әкімдігінен ешкім келмегендіктен сот тыңдауының 25 желтоқсанда жалғасатынын хабарлады.

Сот тыңдауынан соң шағым беру себебін түсіндірген заңгер елдегі негізгі заң - Конституцияның өзі бұрмаланып жазылып, халық емес, билікке қызмет етіп отырғанына налыды. Жауапкер жақтан жауап алудың сәті түспеді.

Ол 16 желтоқсанда Конституцияның мәні туралы тағы да митинг өткізуге арыз берген. Ал Астана қаласы әкімдігі Фабрый сұраған Кенесары көшесінде Астана концерт залының алдындағы алаңда «жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының жүріп, мұз қалашықтарының салынып жатқанын» хабарлаған. Антон Фабрый дәл осындай жауапты тамыз айында да алғанын, онда бұл алаңда жөндеу жұмыстары жүретіні жазылған еді дейді.

Бұған дейін Қазақстанның түрлі қалаларында бірнеше азамат митинг өткізуге рұқсат бермегені үшін жергілікті әкімдіктерді сотқа берген. Қыркүйек айында дәл осындай себеппен Алматы әкімдігін сотқа берген алматылық Әлнұр Ильяшевтің шағымын сот қанағаттандырмай тастаған.