Ол жеке парақшасында оқырмандарына астарлап пост арнаған.
ERNUR.KZ. Актриса Лидия Кәденованың ұлы Дидар Кәден жеке өмірі жайлы сыр ақтарды, деп жазады Shownews.kz.
Дидар Кәден соңғы кездері әлеуметтік желіде белгісіз жанға өлең арнап, үйлену жайлы әзіл-шыны аралас жазба жүктеп жүргені бар. Таяуда ол жеке парақшасында дәл осы суретін жариялап, оқырмандарына астарлап пост арнаған.
«Биыл шашты түйіп, сақал өсіргендер үйленіп жатыр дейдә ғой», – деп жазған Дидар.
Естеріңізге салсақ, әнші бес жыл бұрын бьюти блогер Айым Алтынбековамен шаңырақ көтерген еді. Бірақ көңіл жарастыра алмаған қос ғашық, ақыры ажырасып тынған болатын. Әйтсе де ортада Дияр есімді ұл бар.
«Арамызда бала болғаннан кейін бір-бірімізді көргенде шаш жұлысып, бет тырнаспаймыз. Әрқашан да сәлеміміз түзу», – дейді Дидар Кәден.
Экс-жұбайлар бүгінде бір-бірін кешірген. Енді әркім өз бақытын іздеп табуға барынша тырысып бағуда. Айымның сүйіктісі де бар көрінеді. Ару инстаграм парақшасында жұмбақ жанға ара-тұра сезімін білдіріп, жазба арнауды жиілеткен. Бұрынғы жарынан Дидар Кәден де қалысар емес, өнер иесі екінші мәрте шаңырақ көтеруге қамданып жүр.
«Үйлену ойда бар. Өмірде болсын, өнерде болсын қайта шаңырақ көтеріп жатқан қаншама қыз-жігіттерді көріп жатамын. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Адамын кездестірмеген шығар, тағы бір себептер болып жатады», – дейді әнші.
Әнші жігіт таяуда анасы Лидия Кәденоваға қолын ұзартар келін әкелемін деп серт берген де көрінеді.
«Сізді 8 наурызда күшті тосын сый күтіп тұр, орап, сәндеп, басына әдемі лента тағып келін әкеліп беремін дегенмін. Анам «қой» деп әзілдескен болатын. Әрине, ол уақыттың еншісінде. Тек көзқарасын білу үшін айтқан болатынмын», – дейді Лидия Кәденованың ұлы.
Бәрін айт та, бірін айт, Дидардың болашақ жарының, енеден жолы болатын секілді. Себебі Лидия Кәденова тағамның түр-түрін әзірлеп, асхананың бар ісін өз мойнына алатын көрінеді.
«Анам келіні болған кезде де, ас үйді бермейтін. Тамақты өзі дайындайды. Ас бөлмесіне жоламайсың. Өзі жұмысқа бәрін шығарып салады. Мысалы Айымға ешқандай реніші жоқ. Екі жастың арасында болған кикілжің ғой. Мынадай келін емес, мынадай келін керек деген әңгіме болған емес», – дейді өнер иесі.
Десе де, алғашқы некесі сәтсіз болған әнші келешекте қателеспеуді қалайды. Бүгінде Дидардың қыздар қауымына талабы да өзгерген. Әнші үшін түр-әлпеттен гөрі, шынайы сезім маңызды. Тіпті Лидия ханымның ендігі келіні өзге ұлттың өкілі болса, таң қалмаңыз!
«Ең бастысы жүрегінде иманы бар, мені түсінетін мұсылман қыз болса болды. Түркітілдес халықтың біреуі болса да, ештеңе етпейді. Бірақ үйдегілердің не айтатынын білмеймін (күліп)», – дейді Кәден.