«Енем жақпай жүр»: шымкенттік келіншек енесіне әрең шыдап жүргенін айтты

0
3 873

"Мендегі басты критерий «Ата-енемен тұрмау» болған"


«Енем жақпай жүр»: шымкенттік келіншек енесіне әрең шыдап жүргенін айтты

(фото ашық дереккөзден алынды)

«Енелермен тұратын келіндерге алтыннан ескерткіш орнатуға болады» деп бастады шымкенттік келіншек әңгімесін.

Оның айтуынша, енесі бір аптаға дәрігерге тексерілуге келіпті. Бірақ содан бері үш ай өтіпті, енесі әлі бұның пәтерінде жатыр екен. Тіпті енесі ауылдағы өміріне қайтып барғысы келмейтінін де айтып жүрген көрінеді.

Осы уақытқа дейін ата-енемен бірге тұрудан қашып, үйінің ортаншы ұлын әрең кезіктіріп тұрмысқа шыққан Лаура басты мәселесінен құтыла алмағанына ашулы.



Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Тұрмысқа кеш шықтым. Шынымды айтсам, маған ылғи үйінің кенжесі, қара шаңырақта тұратын ұлдар жолығатын еді. Менің үш әпкем де ата-ене қолында тұратындықтан, олар үнемі маған «Ең бастысы, ата-енемен тұрмасаң болды» деп айтатын. Үлкен әпкем «Сенесің бе, 20 жыл болды, әлі аяғымды созып рахаттанып ұйықтамаппын» дегенде, таң қалғанмын. Екінші әпкем де «Қанша жылдан бері ұйқым қанбай жүр» деген соң, мен танысқан жігіттерден ең бірінші қайда, кіммен тұратынын нақтылап сұрап алатынмын.

Сөйтіп жүргенде жасымның 35-ке кеп қалғанын аңғармай да қалдым ғой. Әрине бұл уақытқа дейін құр жүрмедім. Бір бөлмелі пәтерді ипотекаға алғанмын. Ата-енемен бірге тұрып жүйкемді тоздырғанша, бір бала туып алып, қалған 30-40 жыл өмірімді тыныш өткізу үшін жасаған әрекетім ғой.

Пәтерім бар, енді бір бала туып алуым керек деп жүргенімде, өзімнен бір жас кіші бір жігітпен кездейсоқ танысып қалдым. Алматы-Шымкент бағытындағы автобуста бірге отырып қалдық. Сөзіміз әу дегеннен жарасып кетті. Мінезі салмақты, жақсы әке болатыны сөздерінен байқалады.

Мендегі басты критерий «Ата-енемен тұрмау» болғандықтан, жігіттің үйі мен күйі маңызды болмады. Не керек, Арман есімді пәтер жалдап тұратын жігітпен бір ай кездесіп жүрдім де, тұрмысқа шықтым.

Бір бөлмелі болса да менің пәтерім кең. Асүйдің өзін бір бөлме деп санауға болады, ол да өте кең. Сондықтан бала туып, ол өскенше осы бір бөлмелі пәтерде тұра береміз деп шештім. Үйі жоқ жігітті пәтеріме кіргізіп алдым десем де болады.

Әрине, салт-дәстүрмен босаға аттадым, беташар өтті. Заңды түрде некелестік. Бәрінен де ата-енемнің ауылда тұратынына қуандым. Өйткені қалада болса, күнара үйге кеп, «Не істеп жатырсыңдар?», «Неге үйің шашылып жатыр?» деп жүйкеме тиетінін анық білем. Себебі, мен кеңседегі жұмысыма пысық болғаныммен, үйдің шаруасына жоқпын. Салақ емеспін, бірақ жалқаулаумын. Үйді аптасына бір-ақ рет тазалап, едендерді жуам. Демалыс күні түске дейін ұйықтап, моншаға барып, демалғанды жақсы көрем. Осы бір күнгі демалысымды бұзған адамды жек көрем.

Ал бұндай келін қай енеге ұнайды дейсіз?! Әрине мұндай әйел көп еркекке де ұнамайтынын білем. Сондықтан да мылжыңдай бермейтін, аз сөйлейтін, өз шұлығын өзі жуып қоятын жігітті таңдағанмын. Күйеуім көрікті емес, табысы да орташа ғана. Бірақ онымен бірге тұру, тіл табысу оңай, жеңіл.

Көп жылдан бері іздегенім де осындай, жанымның тыныштығын бұзбайтын, яғни спиртті ішімдіктен аулақ, жұмысына тіке барып, тіке қайтатын азамат. Ойымдағы орындалды деп әдемі өмір сүріп жатқанмын. Екі айдан соң енем «Ауырып жатырмын. Тіземді, буындарымды дәрігерге тексертуім керек» деп, қалаға келді. Күйеуім жұмысынан сұранып, анасын күнде дәрігерге, медорталықтарға алып барып жүрді. Осы бір аптада енем тамағыма да сын айтты, үйде тазалықтың жоқ екенін де айтып үлгерді. Жұмыстан сәл кешіксем де сөйлейді.

Мұңымды жұмыстағы әріптес келіншектерге айттым. Олар «Өмір бақи енемен тұрып жатқан жоқсың ғой, шыда. Не болды сонша?» деді. Мейлі, шыдайын, көп болса бір ай жатар дегенмін. Қайдағы, үш ай болды, енем әлі қалада.

Енемнің көп сөйлейтіні ұнамайды, әр ісіме араласа береді. Сосын жексенбі күні моншаға жиналып жатсам, «Мен де барамын» деп бірге барады. Шомылғам құрлы болмаймын, демалысымды бұзады.

Жақында енем «Дәрігер емнен кейін бір жылдай ауыр көтермеңіз деді. Ауылға барсам немерелерімді көтерем, шелекпен су көтерем, тыныш отырмаймын ғой. Одан да қалада тұра беремін-ау» демесі бар ма?! «Бір-ақ бөлме ғой» деп едім, «Асүй кең екен ғой, бір бұрышына диван қойып беріңдер, жата берем» деді. Ашуымның келгені-ай, зығырданым қайнады. Бірақ енем болған соң тілімді тістеп қалдым.

Егер ұлының үйі болса түсінер едім, міндетсініп жататын. Тіпті десеңіз, келіннің үйінде ұлының тұрып жатқанына намыстануы керек қой. Жоқ, ол өзі де осында тұрғысы келеді. «Неден қашсаң, соған тұтыласың» деген сөз рас-ау?!

Әрең шыдап жүрмін. Мен енемен бірге тұра алмайды екенмін. Басқа келіндер қалай тұрып жатыр, таң қалам...»



Ұқсас оқиғалар:


«Бұрынғы жігітім баламмен қосып аламын деп жүр»: тұрмыстағы келіншек күйеуге тигеніне өкінеді


«Үш әйелімнің үшеуі де алдап кетті»: Шымкенттік жігіт енді үйленбейтінін айтты