Қазақстандағы туристер ең көп баратын орындар қайсы?

0
182 628

Бүгінгі Қазақстан – көптеген шетелдіктерге танымал, сұранысқа ие және белсенді дамып келе жатқан туризмдік бағыт.


Қазақстандағы туристер ең көп баратын орындар қайсы?

фото: ашық дереккөзден

Қазір Қазақстандағы мәдени-тарихи, сауықтыру және экстремалды туризм қарқынды дамып жатыр. Сондай-ақ, еліміздегі табиғатты, тарихи және көрікті жерлерді тамашалауға, демалыстан ләззат алуға әлемнің түкпір-түкпірінен және Қазақстанның өңірлерінен туристер көптеп келеді.

Ал Сіз елімізде туристер ең көп баратын нысандарды білесіз бе?


Қазақстан туризмі – ел аумағындағы шексіз далалар, жартасты таулар, әсем табиғат, өзендер мен көлдер, тарихи сәулет ескерткіштері, заманауи ғимараттар және өркениетті мегаполистермен бағаланады.


Қазақстандағы танымал туризм орындары

Егер сіз демалуға қайда баратыныңызды білмесеңіз, кез келген бағытты – солтүстік, шығыс, батыс, оңтүстік Қазақстанды таңдасаңыз болады, өйткені барлық жерде Сізге ұнайтын орындар бар. Олар:


1. Арыстан баб Түркістан облысы, Отырар ауданындағы көне кесене, сәулет өнерінің тамаша жетістігі. Бұл кесене Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы, "бабтардың бабы" – Арыстан бабтың бейітінің басына ұлы қолбасшы Әмір темір XIV ғасырдың соңында салдырған. Бұл кесене зиярат етіп келушілердің саны шексіз. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи ғимаратқа жолдан өткен жанның барлығы бір тоқтап кетеді.



2. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі (Түркістан облысы, Түркістан қаласы) – ғимарат осы күнге дейін керемет сақталған. Кесенені бірнеше ғасыр бұрын Қожа Ахмет Яссауидің жерленген жеріне Әмір Темір қолбасшы тұрғызған. Сондай-ақ, Түркістан қаласын «Екінші Мекке» деп та атайды.


3. Шарын шатқалы – АҚШ-тағы Үлкен шатқалға бәсекелес болатын Қазақстанның әдемі жері. Мұнда мистикалық қызықты орындар, кәрі ағаштар мен бас айналдыратын көріністерге куә бола аласыз. Сондай-ақ, «Қамалдар алқабы», «Ведьмино шатқалы» деп аталатын бөліктері бар.


4. Қатон-Қарағай – туристер бір күн бойы тамашалай алатын және ұзақ демалысқа келуге болатын ерекше орын. Ол жер Ресеймен, Моңғолиямен және Қытаймен шекарада орналасқан табиғи саябақ немесе қорық болып есептеледі. Сондай-ақ, мұнда Рахман қайнарлары деп аталаты ыстық су көздері бар.


5. Қайыңды көлі – бұл көлдің су өте салқын, бірақ ол шомылуды қалап тұрғандарға кедергі емес. Күнгей Алаутауда орналасқан көл осыдан жүз жыл бұрын жер сілкінісі кезінде пайда болған.


6. Меркі – Жамбыл облысының шет жағында орналасқан тарихи ескерткіштер мен шипалы жерлерге толы орын. Мұнда туристер демалуға ғана емес, аурудан құтылу және зиярат ету үшін барады.


7. Бекет Ата жер асты мешіттері – Бекет Ата есімімен байланысты жер асты ғимараттарының ортақ атауы. Олар туралы халық жадында сан алуан аңыздар сақталған. Әулие, батыр, сәулетші Бекет Атаның білімдарлық, батырлық, әділдік, еңбексүйгіштік, көріпкелдік қасиеттерімен даңқы кең тараған. Мешіт – жартасты тау астындағы жер асты кешені, мыңдаған мұсылмандардың зиярат ететін жері болып тұр. Бұл мешітке күн сайын 1000 адам келеді екен.


8. Бурабай – Қазақстанның Швейцариясы атанған жер таза ауасы, көптеген шипажайлары, көл жағасындағы демалысы және спорттық ойын-сауықтарымен мақтана алады. Бір ерекшелігі – Бурабайға демалушылар қыста да, жазда да ағылып келіп жатады.


9. Түрген сарқырамасы – туристер көп баратын Алматы облысындағы демалыс орындарының бірі. Іле Алатауы ұлттық саябағының ішінде орналасқан Түрген шатқалында 7 сарқырама бар. Солардың ішінде саяхатшылардың жиі баратыны: біріншісі – «Аюлы» және екіншісі – «Қайрақ».


10. Алматы – Қазақстанның ең үлкен қаласы, ол Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы Іле Алатауының баурайында орналасқан. Алматы қаласына жолы түскен адамның демалатын жерлері өте көп: Шымбұлақ тау шаңғысы курорты, Көктөбе, «Медеу» мұз айдыны, 28 панфиловшылар паркі, Тәуелсіздік монументі, Сегіз Көл Park Resort клубы, «Маралсай», «Алма-тау» шипажайлары және т.б.


11. Алакөл – «Алакөл» атауы ежелгі түрік және моңғол сөздерінен аударғанда «ұлы көл» немесе «таулы көл» деген мағынаны береді. Тарихи деректерде Алакөл маңынан Ұлы Жібек жолы керуені жүріп өткені айтылады. Алыс жолдан келген саяхатшылар жағалауда демалып, көл суынан нәр алған екен. Алакөлдің табиғи суы емдік, шипалық қасиеттерге бай келетіні сондықтан. Онысы қазіргі заманауи медициналық зерттеулер жүргізу барысында да дәлелденген.Алакөлге келушілердің көбі демалудан гөрі шипа, ем іздеп келеді. Көл суы радикулит, артрит, тері ауруларына шипа болып, адам денсаулығына жағымды әсерін тигізеді.


12. Айғайқұм мемлекеттік ландшафттық табиғат паркі – Кіші және Үлкен Қалқан тауларының раасында орналасқан. Ол ел назарын аударатын ерекше жер. Сондықтан туристер көп келеді. Дүние жүзінде мұндай табиғи айрықша құбылыс (феномен) байқалатын жерлер Қытай, Ресей, Арабия мен Америка сияқты елдерде ғана бар.

Биіктігі 150 метрлік құмды таудың ауа райы ашық күндері дыбыстар шығаратыны ғалымдар үшін әлі де жұмбақ. Олар біресе органның әуеніне, енді бірде реактивті ұшақтың гүріліне ұқсатады. Ал физик ғалымдар болса, бұл жағдайды құрғақ құмдардың үйкелісі және кристалдық электрлену деп түсіндіреді.Бірақ жергілікті тұрғындардың өз пайымдаулары бар: бірі – барқанның ішінде қара ниетті адамның жаны қысылып жатыр десе, келесі біреулер дуаланған сұлу қыз жатыр дегенге келтіреді.


Қазақстандағы саяхаттауға немесе демалуға болатын керемет нысандар тек бұлар ғана емес. Мұнан да қызықты да ғажап мекендер жайлы келесі мақалада жазатын боламыз.

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Жердегі жұмбақ: Салмағы 300 келіден асатын тастар өздігінен жылжып жатыр (видео)


Әлемдегі ең қорқынышы туристік орындар