​Ассамблея мүшелері көмекке мұқтаж балаларға қуаныш сыйлады

0
1 976

Акция аясында көмекке мұқтаж отбасылардың 28 баласына демеушілік көмек ретінде мектепке қажетті киім және кеңсе керек-жарақтарын тарту етті.


​Ассамблея мүшелері көмекке мұқтаж балаларға қуаныш сыйлады

Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Оған Түркістан облыстық және Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.
Ассамблея мүшелері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін акция аясында көмекке мұқтаж отбасылардың 28 баласына демеушілік көмек ретінде мектепке қажетті киім және кеңсе керек-жарақтарын тарту етті.
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай өткен іс-шарада Шымкент қалалық Қазақтан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің маңызына тоқталды.
- Конституцияның әрбір бабы ежелден еркіндікті аңсаған еліміз үшін аса құнды. Егемен еліміздің басты құқықтық құжаты мемлекетімізді толымды жетістіктерге жеткізіп, жаһандық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдыруға негіз болып отыр. Ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқының байырғы қазақ жерінде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құруға басқан қадамы Конституциямен тығыз байланысты, - деді Мұратәлі Оразалыұлы.
Сондай-ақ, шара барысында этномәдени бірлестіктердің төрағалары балаларды алдағы жаңа оқу жылымен құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді. Өзара түсіністік пен тұрақтылықтың, бірлік пен тыныштықтың, бауырмалдық пен сыйластықтың мән-мағынасын ұғындырды.
Шараға арнайы шақырылған «Алтын адам» тігін фабрикасының өкілдері «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында қолға алынған мерекелік іс-шараға алғысын білдіріп, балаларға арнайы тігілген мектеп формаларын табыстады.