​КҮЗГІ-ҚЫСҚЫ МАУСЫМ: ТҰМАУ МЕН ЖРВИ-ДІҢ ӨРШУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

0
500

Тұмау вирусы мұрын-жұтқыншақ арқылы ағзаға еніп, жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттарына шабуыл жасайды. Жұқтыру сәті мен алғашқы белгілердің пайда болуы арасындағы уақыт бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін.


​КҮЗГІ-ҚЫСҚЫ МАУСЫМ: ТҰМАУ МЕН ЖРВИ-ДІҢ ӨРШУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Күзгі-қысқы маусымның келуімен бірге ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекциялар) және тұмаудың таралуы айтарлықтай арта түседі. Бұл кезеңнің эпидемиялық маусым ретінде ерекшеленуі тұмаудың жедел жұқпалы вирустық ауру екендігіне байланысты.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен «Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу: вакцинация және дәрігерлердің ұсыныстары» тақырыбында баспасөз конференциясында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбаева Сәуле Сансызбайқызы, Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Департаменті басшысының орынбасары Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы кеңінен баяндап берді.

Спикерлердің айтуынша, инфекцияның таралуы, негізінен, ауа тамшылары арқылы жүреді. Науқас жөтелгенде немесе түшкіргенде сілекей мен шырыштың ұсақ микробөлшектері ауаға таралып, айналасындағы адамдарға жұғады.

Тұмау вирусы мұрын-жұтқыншақ арқылы ағзаға еніп, жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттарына шабуыл жасайды. Жұқтыру сәті мен алғашқы белгілердің пайда болуы арасындағы уақыт бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Аурудың басты белгілері – қатты әлсіздік, бас ауруы, дене температурасының 38-40°C-қа дейін көтерілуі, бұлшықеттер мен буындардың ауыруы, жөтел және мұрынның бітелуі.
Әдетте, тұмаудың ұзақтығы 5-тен 10 күнге дейін созылады, бірақ кейбір науқастарда асқынулар болуы мүмкін.
Дәрігерлер халықты алдын алу шараларын сақтауға шақырады, оның ішінде тұмауға қарсы вакцинацияның маңызы зор. Вакцинация инфекцияның таралуын шектеп қана қоймай, аурудың ауыр түрлерінен қорғайды. Мамандардың айтуынша, дұрыс сақтық шараларын ұстану арқылы тұмау мен ЖРВИ-дің таралуын азайтуға болады.
Бөлісу