Тренингке көпбалалы аналар мен жасөспірімдер қатысты.
Шымкентте психологтар «SHANYRAQ» отбасы институтын қолдау орталығында қала тұрғындарына интернеттегі қауіпсіздік және әлеуметтік желіге тәуелділік жөнінде семинар-тренинг өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған орталықтың ішінен ашылған Отбасы мектебінің ұйымдастыруымен өткен тренингке қызығушылық танытқан көпбалалы аналар мен жасөспірімдер қатысты.
Отбасы құндылығын реттеуде тәжірибесі мол «Самғау-сенім» орталығының психологтары қатысушыларға адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған интернетке тәуелділік артқан тұста әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланудың жолы мен жауапкершілігі жөнінде түсіндірді.
Сабақ барысында жағымсыз эмоциялардан арылуға көмек беретін сергіту ойындары да ұйымдастырылды. Мұндай ойын түрдегі тренинг көңіл-күйді жақсартып қана қоймай интернеттегі әр түрлі ақпараттарды қабылдап, жылдам эмоцияға берілуден сақтайды дейді психологтар.
Айта кетейік, «SHANYRAQ» отбасы институтын қолдау орталығы Қаратау мен Еңбекші ауданы тұрғындарына Бәйдібек би даңғылы, 32 а, Абай мен Әл-Фараби ауданы тұрғындарына Әл-Фараби алаңы, 3/2 мекенжайында қызмет көрсетеді.