Шымкентте тергеп-тексеру барысында жіберілетін қателіктер талқыланды

0
1 972

Мәжілісте ҚІЖМАС-тың төрағасы Әбсаттар Шахидинов істерді сотта қарау барысында бірқатар проблемалық мәселелер туындайтынын айтып өтті.


Шымкентте тергеп-тексеру барысында жіберілетін қателіктер талқыланды

Шымкентте сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жіберілетін қателіктерден туындайтын мәселелерді талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Осы мақсатта Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында (бұдан әрі – ҚІЖМАС) «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасы – заңды сот актісін шығарудың кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Оған, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар мен журналистер қатысты.

Мәжілісте ҚІЖМАС-тың төрағасы Әбсаттар Шахидинов істерді сотта қарау барысында бірқатар проблемалық мәселелер туындайтынын айтып өтті. Мәселелердің бір бөлігі – кейбір полиция қызметкерлерінің сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу барысында жіберген қателіктерінен болады. Сонымен қатар, сот төрағасы кемшіліктері анықталған нақты істер бойынша мысалдар келтіріп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы қателік жіберген істі прокурорға қайтаруға және жеке қаулы шығаруға негіз болатынын қадап айтты.

ҚІЖМАС-тың судьялары Әбинұр Қарабаев пен Айжан Медеубекова осы мәселе бойынша проблемалық сұрақтардың қордаланып қалуына байланысты, бүгінгі мәжілістің ұйымдастырылғанына тоқталып өтті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында жіберілген процесуалдық қателік салдарынан Шымкент қаласының ҚІЖМАС-ы ағымдағы жылдың бес жарым айында ҚР ҚПК-нің 323-бабына сәйкес 9 тұлғаға қатысты 6 қылмыстық істі қайтарған.

Ә.Шахиддинов сот ісін жүргізудегі тілдік принципті тілге тиек етіп, оны қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылатынын айтты. Одан әрі ол «Қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі екені баршаға белгілі.

"Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысында көрсетілгендей Қазақстанда сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған жағдайларда басқа да тілдер қолданылады. Бірақ, бүгінде аталған қаулының талаптары өз деңгейінде орындалмай отыр. Өйткені, көп жағдайда сот ісінің тілі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарында айқындалады. Сол себепті, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары мемлекеттік тілге баса назар аударулары керек", - деді сот төрағасы.

Талқыланған сұрақтар бойынша Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма бастығы Нұржан Серікбаев, Әл-Фараби ауданының прокуроры Нұржан Сейдалиев, қалалық адвокаттар алқасының адвокаттары Сапар Амиртаев пен Нұрдәулет Мұсақұлов өз пікірлерін білдірді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша, қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына қылмыстық сот төрелігінің әлеуметтік маңызды міндеттерін іске асыруға көмек көрсету мақсатында қылмыстың нақты санаттары мен процессуалдық заңдарды дұрыс қолдану бойынша прокуратура мен полиция органдарында адвокаттарды қатыстыра отырып, семинарлар өткізіп тұру қажет деген пікірге тоқталды.