Жыл соңынан дейін жалпы 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған.
Халықтың әл-ауқатын жақсартуда жұмыспен қамту аса маңызды мәселе.
Биыл Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша 23 420 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңға Ұлттық жобалар мен жеке бастама негізінде 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар, 2023 жылы Шымкентте 261 азаматқа жастарға арналған жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, 2023 жылдың 17 наурызында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы және «Агронесие корпорациясы» АҚ арасында тапсырма шарты түзілген. Негізінен жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Бүгінгі таңда 278 құжат қаралып, 129 адам оң қорытындысын алған. Оның ішінде 52 азаматқа шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін бастап кетті.
Халықтың әл-ауқатын жақсартуда мемлекеттік қайтарымсыз гранттың да үлесі орасан.Соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары азайып, керісінше жұмыспен қамтылғандар мен өз кәсібін дөңгелеткен шымкенттіктердің қатары артуда. Биыл Шымкентте әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің өзінде 6000-ға жуық азаматтан өтінім түсіп, 227-не оң шешім қабылданған. Қайтарымсыз қаражат үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі тәуелсіз комиссиялардың шешімі негізінде беріледі. Комиссия құрамына қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғамдықтық бірлестіктердің өкілдері кіреді.