Қазақстан футбол федерациясы Рикардо Какамен келісімшартты ұзартты

0
752

Рикардо Кака 2018 жылдан бері Қазақстан құрамасын жаттықтырып келеді.


Қазақстан футбол федерациясы Рикардо Какамен келісімшартты ұзартты

ERNUR.KZ. Қазақстан футбол федерациясы футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Какамен келісімшарттың ұзартылғанын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Литвада өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының табысы елімізде футзалдың дамуына үлкен серпіліс берді. Соңғы жылдары біздің футзал жаңа деңгейге көтерілгені анық. Бұл бағытта Каканың қосқан үлесі зор. Алайда, бұл жетістіктермен тоқтап қалмау маңызды. Біздің құрама негізгі іріктеу кезеңінде жақсы нәтиже көрсетіп, топтан бірінші орынмен шықты. Алға қойылған мақсат 2024 жылы Өзбекстанда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алу. Біздің бапкермен осы міндетті орындай аламыз деп сенемін», – деп атап өтті Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов.

Өз кезегінде Рикардо Кака жан-жақты қолдау мен сенім үшін алғыс білдірді.

«Басты міндеттердің бірі орындалды – элиталық кезеңге шықтық. Ендігі меже 2024 жылғы Әлем чемпионатына жолдама алу. Алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін бар күшімізді саламыз», – деді ол.

Айта кетейік, Рикардо Кака 2018 жылдан бері Қазақстан құрамасын жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен 2021 жылы өткен Әлем чемпионатында төртінші орын алдық. Бұл төрткүл дүние додасындағы ең үлкен жетістігіміз саналады.