Олимпиадаға қатысқан спортшы бар шындықты жайып салды

0
548

Бәрі ақшаға келіп тіреледі.


Олимпиадаға қатысқан спортшы бар шындықты жайып салды

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Қазақстан құрамасының Бейжің Олимпиадасында ел қоржынына бірде-бір медаль сала алмау себебін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Спортшы өзінің Facebook парақшасында шорт-тректі мысалға ала отырып ел спортшыларының Олимпиадаға дейін қандай кедергілерге тап болатынын айтты.

“Бірінші – мұз айдыны. “Алау” қазір де шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны. Бірақ бізге онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді, біз сондықтан амал жоқ Еуропаға немесе Ресейде жаттығуға шығамыз. Алауда барлығы керемет болғанымен ол ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге кемінде күніне таңертең және кешке екі сағаттан керек. Бірақ мұз сарайы жекеменшік болғандықтан барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды. Пекин Олимпиадасының алдында біз “Алауда” дайындалдық. Бірақ бізге мұз тек Олимпиада алдында емес, үнемі керек”, – деп жазды А.Әжіғалиев.

Шорт-трекшінің сөзінше, елімізде тіпті қысқы спорт түрлеріне арналған база да жоқ. Ал жанкүйерлер мұндай спорттың барынан тіпті хабарсыз.

“Екінші. Әр өңірде мұз сарайлары салынған. Бірақ олардың ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайды. Тіпті, Алматыдағы да. Маттың орнына барлық жерге борт орналастырылған. Мұндайда бізге жарақат алып қалу қауіпі өте жоғары. Алматының мұз алаңдарындағы жағдай да “Алаудағыдай”. Бос уақыт жоқ, ақша жоқ…”, – дейді спортшы.

Әжіғалиевтің айтуынша, үшінші проблема – керекті құрал-жабдықтардың тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алынуы.

“Инвентарь алу біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай проблемаға Токионың алдында садақшылар да тап болды. Осы проблема барлық спортшының басынан өтеді және спортшылар әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да тек Олимпиаданың алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек. Біздің спорт үшін веложаттығулар өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қарайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар керек. Барлық елдің командалары аталғандармен толық қамтамасыз етілген, біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Бірақ бізге берілген уәде, уәде күйінде қалады. Әрдайым әңгіме инвентарьға келіп тірелгенде госзакуптың процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр деп сылтауратады. Халықаралық жаттығулар біздің жабдықтарымыз жоқ деп тоқтап тұрмайды ғой. Нәтижесінде біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған запчастарды сатып әпереді. Немесе біз “заңда рұқсат етілмеген” деп айтқан соң кейбір құралдарды өз ақшамызға жинап алуға тура келеді. Себебі, біз инвентарь жоқ немесе жетпейді деп бір жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Біздің жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе”, – деп жазды ол.

Шорт-трекші қысқы спорт үнемі жазғы спорттың тасасында қалып қалатынына налиды.

“Жалпы шорт-трек туралы көп адам біле бермейді, көп жазылмайды. Осы спортымызды Олимпиада кезінде ғана емес, жалпы барлық кезде білсе екен дейсің. Білесіз бе, шорт-тректі түсінетіндер аз, ал қазір көбі Олимпиада ойындарын көріп, бұл спорт түрімен танысқандарын жазады. Бірақ біз көп жылдар бойы әлем кубогтарына қатысып, әлемнің үздік ондығына кіреміз, Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, оларды озып та жатамыз. Жеңеміз. Бірақ медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды, кішкене болса да осы мәселеге назар аударылып, сыйақы тағайындалса. Бұл да заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың жалақысы, айлығы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде назар да аударылмайды. Бізде басқа елдердегідей демеушілік жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз. Осылай айтқаным дұрыс па, жоқ па білмедім. Бірақ Олимпиададан басқа кезде ешкімге керек емес спорттан қалай нәтиже күтуге, сұрауға, талап етуге болады?”, – дейді Абзал.

Спортшы Олимпиададан кейін жарақат алып, ұзақ уақыт денсаулығына көңіл бөлуге тура келгенін айтты. Бұл уақытта ол құрамадан шеттетіліп, өз қаражатыма емделіпті.

“Бізде жарақат алсаң ешкімге керек емессің. Ал кәсіби спортта, біздің спортта жарақат көп кездеседі. Өзіңді, өміріңді спортқа арнап, осындай жағдайға тап болғанда соңында жалғыз қаласың”, – деп көкейдегісін жеткізді ол.

Абзал Әжіғалиев келесі Олимпиадада нәтиже жоғары болуы үшін қазірден бастап қимылдау керек дейді.

“Менің ең үлкен арманым - еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбірету, ауылдардағы, региондардағы балалардың барлығы бірдей спортпен айналыса алса, олар да таңдау жасай алса, Қазақстанда спортшының, спортшы болудың мәртебесін білсе және оның қандай еңбек екенін білсе. Қазір бізде егер сенде медаль болса, сені жақсы көреді, сосын барып саған жағдай жасайды. Бірақ медаль болуы үшін бірінші жағдай жасалынуы керек қой. Базадан бастап, қарапайым күнделікті жаттығу да осы жағдайға кіреді”, – дейді шорт-трекші.