Шетелдік жанкүйерлер Токио Олимпиадасына жіберілмейді

0
2 721

Олимпиада алауының эстафетасы да көрермендерсіз басталады.


Шетелдік жанкүйерлер Токио Олимпиадасына жіберілмейді

ERNUR.KZ. Жапония билігі Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына шетелдік жанкүйерлерді жібермеуге ниетті, деп жазады inbusiness.kz.

Мұндай шаралар коронавирустың таралуын болдырмау үшін жасалуда. Шетелдік көрермендерді қабылдаудың соңғы мәселесі наурыздың аяғында шешіледі деп күтілуде.

Ал сәуірде спорттық ареналарға қанша жанкүйер қабылданатыны белгілі болады. Қазіргі таңда Токиода короновируспен ауырғандардың саны екі жарым мың адамға жетіп, туристер үшін есік жабылды. Сонымен қатар, Токио-2020 Олимпиада ойындарын бір жылға шегеру шығындардың өсуіне әкелді және жалпы шығын 15 млрд долларды құрады.

25-наурызда Жапонияда Олимпиада алауының эстафетасын бастау рәсімі көрермендерсіз де өтеді. Естеріңізге сала кетсек, Токиода өтетін Олимпиада ойындары коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілген болатын. XXXII Жазғы Олимпиада ойындары Жапонияда 2021 жылдың 23-шілдесі мен 8-тамыз аралығында өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы Олимпиада бұрын-соңды болмаған ең инновациалық Олимпиада болады және 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Сонымен қатар Токио Олимпиадасына жаңадан бес спорт түрі енді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг. Төртжылдықтың басты додасына барлығы 206 Ұлттық Олимпиада комитеттерінен 11090 спортшы қатысады деп жоспарланған. Спортшылардың 49%-ы әйелдер болмақ.