Халал той ұйымдастырушысы: "Әріптестерім арақсыз той жүргізуді қалайды, бірақ..."

0
4 767

Рысбек Тәсен- тек халал тойларды жүргізетін танымал асаба. "Халал" той ұйымдастыру орталығының басшысы.


Халал той ұйымдастырушысы:

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Қарашаш Есенбай: Ашылғанына бес жыл болған той ұйымдастыру орталықтарыңыздың атауы "Халал той" екен. Жалпы осы сөзді кез келген жерге қолданатын болған сияқтымыз. Сіздердің бұл атауды иеленулеріңізге не себеп болды?

Рысбек: Бұл халал той деп аталған себебі, адамдардың түсінігіндегі арақсыз той халал болып есептеледі. Көшедегі кез-келген қазақтан "Арақ жоқ той қалай аталады", -деп сұрасаңыз, «Халал", - деп жауап береді. Сондықтан ғаламтордан іздегенде де «халал той» деп іздейді, сол атаумен "Halaltoi.kz" деген сайт та ашып қойдық. Алдағы уақытта жүргізе бастаймыз. Адамдар интернетке кірген кезде, арақсыз той деп іздемейді. Халал той, асаба деп іздейді . Кез келген адам іздейді. Халал деген сөзі- арақ жоқ дегенге келтіріп отырмыз.

Қарашаш Есенбай: Қалай ойлайсыз, біз халал деген сөздің сапасын түсіріп жіберген жоқпыз ба?

Рысбек: Сапасын түсіріп жібердік десе де болады. Бірақ адамдардың барлығы арақсыз тойды солай түсініп жүр. Ешкім оны «Қазақы той» деп атамайды. Асабалыққа келген кезімнен тек халал өтетін тойларды жүргіземін. Бұл салаға келудегі мақсатым мен бағытым арақсыз тойларды қызықты, мәнді, сәнді өткізу.

Қарашаш Есенбай: Сіздің ойыңызша асабалық кәсіп пе, өнер ме?

Рысбек : Екеуі де деп айтса болатын шығар?! Өйткені кез-келген адам асаба бола алмайтын шығар деп ойлаймын. Мысалы журналистер, ақын жігіттер бар. Сөз саптауы болғанымен той жүргізе алмайды. Адамдар бұл өнерді жеңіл, оңай деп ойлайды ғой. Бірақ оның да жауапкершілігі бар. Мысалы өзім адамдардың алдына шыққан кезде рахаттанамын. Сол жердегі 200 адам сенің сөздеріңді, жақсы насихатыңды таңдап отырса, ойланса оның өзі үлкен жетістік.

Қарашаш Есенбай: Сіздің келуіңізге қайсысы себеп болды?

Рысбек: Жоқ, мен күн көрістің қамы деп айта алмаймын. Табысы үшін болса, арағы бар тойларға да шыға беретін едім ғой. Бес жыл бұрын енді бастап жүргенімде адал тойлар аз болатын. Кейде айына бір той шығатын. Арақпен өтетін тойларға тапсырыстар болған, қомақты қаржы да ұсынғандар бар. Бірақ оларды қабыл алмадым. Өйткені, біріншіден ол біздің қазақтығымызға сын. Арақ бар жерде ішпек түгілі отырудың өзі қиын нәрсе.

Қарашаш Есенбай: Қазір сұраныс қандай, елдің басқа аймақтарында да той ұйымдастыра аласыздар ма?

Рысбек: Аллаға шүкір, сұраныс қазір көбейіп келе жатыр. Айына жеті-сегіз той мен құдалыққа тапсырыс аламыз. Еліміздің барлық аймағына барып, той ұйымдастыра аламыз. Кез-келген асаба халал тойды өткізе алмайды деп айта аламын. Өйткені ол жердегі халықтың барлығы, сенің әрбір сөзіңді аңдап отырады, жеңіл-желпі әңгімелерің өтпейді. Қазір эстрадалық әндерді азайтып, шама келгенше ұлттық әндерді дәріптесек деген ойымыз бар. Өйткені, ұлттық әндер ұлтқа рух береді.

Қарашаш Есенбай: Жаңа бір сөзіңізде «Халал тойдағы адамдардың барлығы сөзіңді аңдап отырады» дедіңіз. Кейде біздің асабалар жұртты күлдіремін деп артық сөздер айтып жатады. Өзіңіз тойға шығатын кезде қаншалықты дайындаласыз?

Рысбек: Тойға тапсырыс түсетін кезде олардың мекенін, елін сұрау маңызды. Той өтетін жердің тарихын, елінің батырларын, ақындарын, данышпандарын, өткен бабаларын атап өту керек болады. Сондықтан алдын-ала ізденіп, біліп дайындаламыз. Ол үшін тарихты да, әдебиетті де оқимыз. Біз той ұйымдастырған кезде жалғыз емес, ұжымыммен бірге он адам болып жүреміз. Бізде ансамбль, әнші, күйші бәрі болғандықтан тойды жоғары дәрежеде өткізе аламыз. Құрамымыздағы "Жәдігер " фольклорлық ансамбльі жанды дауыста ұлттық өнеріміздің насихаттап жүр. Олардың продюсерлері болғандықтан өзім де көбірек ізденіп, дайындаламын.

Қарашаш Есенбай: Қазір халық тойдың асабасын атағаннан оның қалай жүргізетінін біліп отырады. Яғни, сценарийін мүлде өзгертпей той басқаратындар бар. Сіздердің үлгілеріңіз қаншалықты жиі өзгереді?

Рысбек: Қазір біз осы бағытта ізденіп жатырмыз. Ансамбльмен жаңа ойындар, жаңа әндер. Адал тойдағы ойынымыздың өзі біреудің намысына тимеуіне, артық кетпеуіне көңіл аударамыз. «Ұлы сөзде ұят жоқ» дейді қазір бір қарындасты ортаға шығарып алады да бөксесін секеңдетіп билетіп жатады. Ондай дүние бізде жоқ. Шама келсе арқан тартыс сияқты ұлттық ойындарды дәріптейміз. Болмаса логикалық, аудиториялық ойындарымыз да бар.

Қарашаш Есенбай: Бірақ сіздің әріптестеріңіз ерсі ойындарды ойнатып жүр ғой. Сөзіміздің басынан ұлттық болмыс туралы сөз қозғап отырсыз. Сонда ол кісілерде ұлтқа деген жанашырлық жоқ па?

Рысбек: Біреу туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ біздің тойда ондай ойындар болмайды. Ондай ойындар ойнатылса, той иесіне ұнайтын шығар?! Біздің жүргізетін тойларымызда алдын ала ақылдасып, кеңесіп аламыз.

Қарашаш Есенбай: Асабалар бірін-бірі таниды ғой. Әріптестеріңіздің сондай әдептен тыс ойындарын көрген кезде, кеңесіңізді айтқан кезіңіз бар ма?

Рысбек: (Күліп) Негізі асабаларың арасында бірнеше чаттар бар. Мен көбінде асабаларды арақсыз той жүргізуге шақырамын. Арақ болмаса ол тойдың барлығы керемет, жоғары деңгейде өтетін еді. Ерсі ойындар да болмас еді. Әріптестерімнің арақсыз тойларды жүргізуіне кедергі болатын – халал тойдың аздығы. Ал ерсі ойындар жүргізген асабаны көзіммен көрмедім. Бірақ әлеуметтік желіде көріп жүрегім қанжылаған кездер болды.

Қарашаш Есенбай: Негізі тойдың деңгейі асабаға байланысты деген түсінік бар. Осымен келісесіз бе? Өзіңіз әріптестеріңізден кімдерді атап, тойды сеніп тапсыруға болады деп атай аласыз?

Рысбек: Тойдың барлығы асабаға байланысты деп айта алмаймын. Бұл ұжымдық жұмыс болғандықтан, музыкалық аппараттар дұрыс болуы, әншілеріңіз жақсы болуы керек және ол адамдармен асаба ұғыныса алғаны жақсы. «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр»дейді дегендей келген қонақтардың да көңілі асабаға шабыт береді. Ал әріптестерімнің ішінен «Өнер қырандарындағы» Мадиярды атай аламын. Сондай-ақ Серік Қалиев ағамызды да атауға болады.

Қарашаш Есенбай: Біздің қазақ той мәдениетіне қандай өзгерістер керек деп есептейсіз? Өзіңізге қазіргі тойлардың қандай тұстары ұнамайды?

Рысбек: Маған ең бірінші ұнамайтыны - арақпен өтуі. Ол тойдың мәні де, сәні де болмайды. Сосын кейбір тойларда өкінішке орай, домбыраның дауысын бір рет те ести алмаймыз. «Бұл қазақтың тойы ма?» деп ойланып қаласың... Осы жағынан қадағалауымыз керек! Ең болмағанында бір-екі дәстүрлі ән айтылуы керек. Эстрада деген қазаққа кейіннен келген нәрсе ғой. Алтынбек көкелерімізді, Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков ағаларымызды кезінде осы домбыра танытқан жоқ па? Қазақтың тойы болғасын, тым құрығанда ұлттық аспаптарымыз, әндеріміз бен поэзиямыз енуі керек. Сосын шетелдік әндерге билеген ұнамайды. Оған қоса, қазір қазақ тойында, қара нәсілді жігіттер жүр. Бір емес бірнеше топтар бар. Біз ең бай халықпыз ғой. Техника тілін қатты шашпасақ та, өнердің тілін білетін халықпыз. Қара нәсілді адамдарсыз-ақ біздің қаншама тойымыз өткен. Қазіргі ақшаны көздеп қалған адамдар, соларды әкеліп тықпалайды, өкінішке орай... Ол тағы жанды дауыста айтпайды ғой?!

Қарашаш Есенбай: Тағы бір сұрақ, «Адал той», «халал той», «арақсыз той» деп ұрандағанымызбен, шыны керек сол тойларға шәйнек арқылы болсын арақтың тасылып жатқанын көріп жүрміз. Сонда бұл тек көзбояушылық қана емес пе? Сіздердің де тойларыңызда ондай жағдайлар кездескен шығар?

Рысбек: Иә, ондай жайт кездеспеді емес, кездесті. Үш жүз адамның аузына қақпақ бола алмайсыз! Үш жүз адам, үш жүз ой ойлайды. Сондықтан, біз ең бірінші дастарханымызға қойылмағына қуануымыз керек. Ал сыртта ішілген арақты той иесі берген жоқ. Әркімнің түсінігі әр дережеде, яғни нәпсісі соған апарып тұр.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз арақсыз тойдың қызықты өтетініне адамдарды сендіре алып жүрсіз бе?

Рысбек: иә, қазір халық риза болып, ризашылығын білдіріп жатыр. Бірақ, біз өзім емес "Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас", - дейді бұл жерде ұжымдық жұмыс. Бірлесе кез-келген мақсатқа жетуге болады. Ұжымымызбен тек тойда ғана емес, театрда, тауда, кештерде кездесіп тұрамыз. Біз бір үйдің балалары сияқты ұжымбыз!

Қарашаш Есенбай: Ендеше ұжымдарыңызға табыс тілеймін! Адал аспен өтетін тойлар көбейе берсін!

Фото жеке мұрағаттан.

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ